Ұшақ құлаған орынға жедел жетіп, алғашқы көмек берген ақтаулықтарға мемлекеттік марапат табысталды

Ақтауда болған ұшақ апатынан кейін оқиға орнына жедел жетіп, алғашқы көмек көрсеткен маңғыстаулықтарға мемлекеттік марапаттар табысталды.

Олардың арасында дәрігерлер мен полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен энергетиктер де бар. Мемлекет басшысының Жарлығымен батылдық пен кәсібилік көрсетіп, жанқиярлық танытқан 69 адам марапатталды. Оның ішінде 51 адамға Президенттің Алғыс Хаты табысталды. Оқиға орнына жедел жетіп, жаралыларды құтқарғандардың бірі 30153 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Нұрлан Ботағарин III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Жедел кәсіби қызметі үшін Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшері Тимур Қисаевқа "Ерлігі үшін" медалі табысталды. Естеріңізге салайық, Ақтау маңындағы ұшақ апаты салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы құтқарылған еді.

Нұрлан Ботағарин, 30153 әскери бөлімі алыс радиомаркерлік пункт бөлімшесінің бастығы:

- Менің орынымда кез келген, әрбір азамат, әрбір Қазақстан азаматы алғашқы көмек көрсетуді жасайтын еді. Шамамен 10 шақты адамның жобасындай көмек көрсеткен болатынмын. Бастапқыда ұшақтың жанына келген кезде жасөспірім қыз шыққан болатын 10 жасар. Ең бірінші жасөспірім қызды көргенімде азғантай адам мінетін шағын ұшақ боп көрінген болатын. Қасына келгенімде іші толы жолаушыларды көргенімде шошып қалғаным рас.

Тимур Қисаев, облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының фельдшері:

- Нұсқаулыққа сәйкес бізге ол жерге баруға болмайды. Бірақ мен қорқынышымды жеңіп, адамдардың өмірін құтқаруды ойладым. Ұшаққа кіргенде зардап шеккен 2 адамды көріп, оларды дереу сыртқа шығардым.