Алматылық волонтер Қаңтар оқиғасындағы естеліктерімен бөлісті
«Адамға жақсылық жасау – жанымның қалауы», - дейді алматылық волонтер Жандос Сейіт. Қайғылы Қаңтар оқиғасында ол зардап шеккен адамдарға көмектесті, деп хабарлайды 24kz.
Оқ тиіп жараланған жастарды, соққыға жығылған әскерилер мен тәртіп сақшыларын емханаға жеткізуге көмектесті.
«Қаңтар оқиғасы болғанда дегбірім қашып, үйде отыра алмадым», - дейді Жандос. Ол мемлекет қауіпсіздігіне қатер төнген қанды қақтығыстың себеп-салдарын саралап жатпады. Арандатушылармен бетпе-бет келсе де, өзінің волонтерлік қызметіне шұғыл кіріседі. Сол күні Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасына барып, өз еркімен кезекшілік атқарады.
Жандос Сейіт, волонтер:
- Әртүрлі адамдар келіп жатты. Үлкен кісілер де келіп жатты. Жас балалар да келіп жатты. Жарақаттанған. Оқ-дәрі тиген адамдарды алып келді. «Экстренно» дейді ғой. Соған дәрігерлерге көмек ретінде қолымыз тигенше көмектестік. Адам баласы ғой ол да. Тірі пенде. Әке-шешесі бар. Бала-шағасы бар.
Жандос - Қарағанды облысы Қаражал қаласының тумасы. Алматыда университет тәмамдағаннан кейін мемлекеттік мекемелерде түрлі қызмет атқарды.
Кейін волонтерлік қозғалысқа қосылады. Төтенше жағдай болған аймақтарға барып, халыққа көмек көрсетуге қатысады. Арыс қаласындағы жарылыс салдарын жоюға атсалысқан.
Биыл еліміздің батысы мен солтүстік аймағында су тасқынынан зардап шеккен жандарға қолдан келгенше жәрдемдеседі. «Волонтерлік жасаудан ешқашан жалықпаймын, бұл – жүрек қалауы», - дейді Жандос
Жандос Сейіт, волонтер:
- Негізінде ондай ниет болмайды. Еліміздің басына күн туғанда үйде отыра алмайды екенсің. Өйткені «көп түкірсе, көл болады» деген сияқты. Сондай жерлерге сұранып отырып, өзім барғым келіп отырады. Қанымызға сіңіп кеткен, әйтеуір отыра алмаймыз тып-тыныш. Жәрдеміміз тиіп жатса, қуанып қаламыз.
Волонтер болудың қаржылық шығыны аз емес. Алайда жақсылық жасауға жаны жақын адамдар оған ақы сұрап, марапат күтпейді екен. Жеке кәсіппен айналысатын Жандостың ұстанымы – адам мен қоғамға пайда тигізу.
Авторлары: А.Садуақас, В.Лобанов