Мемлекеттік сатып алу: құрылыс сапасы артады
Биыл мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң күшіне енді, деп хабарлайды 24kz.
Бұдан былай бюджет қаражаты жетілдірілген ережемен жұмсалады деген сөз. Бөлінген қаржының талан-таражға түспеуі үшін құжатқа қандай механизмдер енгізілген?
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Тәукехан Пошанов төрт жылдан бері мемлекеттік сатып алу порталымен жұмыс істеп келеді. Оған дейін шетелдерде бизнесін дөңгелеткен тәжірибелі кәсіпкер тендерде заңсыздық көп екенін айтады. Байқауды өз танысына алып беру үшін бюджет әкімшісі қолдан кедергі жасаған деректер де тіркелген.
Тәукехан Пошанов, кәсіпкер:
- 2,3 млрд теңге бөлінген. Біз 1,5 млрд теңге бердік. 800 млн теңге скидка жасадық. Сөйттік те, тендерге қатыстық. Бұл жақта бізге айтты сендердің 20 компания қатысты. Ұтқан компаниялар ең қымбат бағамен ұтты. Біз оны ДВГА-ға, жаңағы, ішкі мемлекеттік аудит департаменті бар. Ол жаққа шағымдандық. Олар бізге отказ берді. Комитетіне де шағымдандық. Олар отказ берді. Кейін барлығын бірге сотқа бердік.
Кәсіпкер осындай кедергілерді әшкерелеу үшін 200-ден астам сотқа қатысып, жеңіп шыққан.
Мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы Ербол Сардарбеков те осыған ұқсас заңсыздықтар көп кездесетінін айтады.
Ербол Сардарбеков, сарапшы:
- Жалпы мемлекеттік сатып алудағы құқық бұзушылықтарға келетін болсақ, ондағы біраз құқық бұзушылықтар көбінесе бір көзден сатып алу, заңсыз келісімшарттар жасау болып келеді. Ол үшін мысалы тек қана заңды өзгерту мәселесі қатты қажет те емес. Оны тек қана формалдық-логикалық әдістер арқылы порталға шектеулер қойып тастауға болады. Ешқандай заңды да, ережені де өзгертіп керек емес. Портал аясында ғана шешуге болады ол мәселелелерді.
Одан бөлек, қазір сапасыз құрылыс мәселесі де күйіп тұр. Бюджет қаржысына салынған нысандардың жыл өтпей жатып қабырғасы қақырап кеткендері қаншама. Ал аяқсыз қалған құрылыстарды бітіруге қосымша қаражат бөлінуі де үйреншікті жағдайға айналған. Ал мердігерлер кінәні бір-біріне артып, жауапкершіліктен құтылып кетеді.
Мейрамбек Таңжарықов, ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің басқарма басшысы:
- Жаңа заңда құрылысты толық аяқтап бітірілетін құрылыс түріндегі жаңа түрі енгізілген болатын. Яғни, әлемдік тәжірибеде бұл ЕРС контракттар деп аталады. Бұл жерде бір мердігер бір объектіні жобалап, құрылысты салып, сонымен қатар оны эксплуатацияға бергенге дейін жалғыз өзі барлық жұмыстарды атқарады. Бұл біздің ойымызша құрылыс сапасының артуына әкеп соқтыратын қадамдардың бірі болып табылады.
Сонымен қатар жаңа заңда қоғамдық бақылау ұғымы енгізілген. Яғни, нысанның кестеден кешікпей қолданысқа берілуін, жұмыстың сапалы атқарылуын кез-келген азамат қадағалай алады. Осылайша, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету көзделген.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қайрат Ақтөреев