Алматыда 19 адам пиротехникадан зардап шекті

Жаңа жылдық демалыс күндері Алматыда 19 адам пиротехникадан зардап шеккен. Қолдары, беті мен көзінен жарақат алғандардың тең жартысы – балалар. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин айтты. Сондай-ақ мереке күндері коньки, шаңғы теуіп, оқыс жағдайға тап болғандар да бар.

Жалпы мереке күндері жедел жәрдем қызметіне 23 мың қоңырау түскен. Оның 16 мыңына дәрігерлер бригадасы көмек көрсеткен. «Жалпы қаладағы тәртіптік жағдай тұрақты болды», – дейді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында үш мыңнан аса полиция қызметкері күшейтілген режимде жұмыс істеді.

Салтанат Әзірбек, Алматы қ. ПД ресми өкілі:

- Қандай да бір оқыс оқиғалар тіркелген жоқ. Мүліктік және тұрмыстық сипаттағы қылмыстар орын алды. Жалпы қылмыстылық 13%-ке осы 5 күннің ішінде төмендеді. Былтырғы мәліметтермен салыстыратын болсақ. Әрине, бұл азаматтардың да оған септігі өте көп, азаматтар өздерінің жеке жауапкерлішіліктерін сезініп, қандай да бір өрескел заң бұзу деректеріне жол бермеді.