Қызылорда облысында әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді

Жаңа жылдың алғашқы күндері Қызылорда облысының Шиелі ауданында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Ортақшыл ауылы табиғи газға қосылып, жаңа амбулатория іске қосылды. Ал Шиелі кентінде 120 отбасы қоныс тойын тойлады.

Ортақшыл ауылында 200-ден астам түтін бар. Әр үй қыстан қысылмай шығу үшін орта есеппен 4 тонна көмір сатып алатын. Отынды аудан орталығынан жеткізудің де машақаты көп еді. Енді осы қиындықтар артта қалды. Елді мекен табиғи газға қосылды.

Базаркүл Ақпанбет, Ортақшыл ауылының тұрғыны:

- Ауылдық жер болғасын күл шығарамыз, отын пұтап әкелеміз, шелек-шелек көмір әкеп саламыз. Әйтеуір үй жылы тұрсын деп. Оның бәрі бізге бейнет қой. Қазір, Аллаға шүкір, газ кіріп ауылымызға, жақсы, рақаттанып қалдық.

Көгілдір отынның игілігін көре бастаған ауылдың дәрігерлік амбулаториясы да жаңарды. Медициналық нысанның ескі ғимараты 40 жыл бұрын салынған. Бұл түйткіл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында шешілді. Дәрігерлердің айтуынша, жаңа ғимарат уақыт талабына сай жабдықталған.

Нұршат Амантауова, дәрігер:

- Бізге жаңадан кольпоскоп аппараты келді. Көп жерде мұндай аппарат жоқ. Ауруын ерте анықтауға арналған жақсы аппарат бізге беріліп отыр қазір.

Шиелі ауданында тұрғын үй кезегіне тіркелген отбасылар үшін 120 пәтердің кілті табысталды. Үш бөлмелі баспанаға ие болған жанның бірі – Қарлығаш Қонысбаева. Бұған дейін көшіп-қонып күнелткен үш баланың анасы пәтер кезегін 10 жыл бойы күтіпті. 

Қарлығаш Қонысбаева, Шиелі кентінің тұрғыны:

- Осы балаларымды жақсы үйде, жаңа үйде, достары келсе де, күтіп алсам да, қонақ күтсем де, өз үйіміз болса екен деген арманым, жоспарым, мақсатым болатын. Осы арманыма қол жеткізгеніме мың да бір шүкіршілік етемін, қуанамын.

Былтыр ауданда құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 12%-ке артқан. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамбет Байділдаев.