Қарағандылық құтқарушылар мереке күндері 85 рет көмекке шықты

Қарағанды облысының құтқарушылары мереке күндері тұрғындарға көмек көрсетуге 85 рет шыққан, деп хабарлайды 24KZ. Өңірде 34 өрт оқиғасы болды. Төтенше жағдай қызметкерлері 51 авариялық-құтқару операциясын жүргізіп, боранды күні жолда қалған 30 адамды қауіпсіз жерге жеткізген. Сондай-ақ мал іздеп шығып жоғалған адамдарды да іздеген. Алайда кейбірін құтқаруға кеш болған.

Боранды күні Ақтоғай ауданының үш тұрғыны көлікпен Балқаш көлі аумағына мал іздеп шығып, мұз опырылып, суға батқан. Екеуі өз күштерімен аман қалады. Ал енді бірінің денесін сүңгуірлер ұзақ іздеп зорға тапқан.

Жалпы мереке күндері Қарағанды облысының төтенше жағдай қызметкерлері 85 рет құтқару операциясын жүргізген. «Соның ішінде 34-і – өрт», – дейді мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Құрмет Жұмекенов.

Құрмет Жұмекенов, ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Өкінішке қарай, өрт кездерінде бір адам қаза тапты. Ол Абай қаласында. Спирттік ішімдік пайдаланған. Үйде жатып темекі шеккен. Содан төсегі жанып, салдарынан қаза тапты.

Ауа райының күрт бұзылуына байланысты өңір құтқарушылары мереке күндерін жұмыста өткізді. Олар жол бойында қар құрсауында қалған жолаушыларға көмектесті. Әсіресе құтқару жұмыстары Осакаров кентінің тұсында қауырт жүрді. Сымбат Есжанов сондағы №17 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді. Ақтүтек боранда қарды омбылап, көліктерге жол бастаған төтенше жағдай қызметкерінің әрекеті қалың елдің ықыласына бөленді.

Сымбат пен оның әріптестерінің арқасында жолаушылар қауіпсіз жерге дін аман жеткізілді. Олар пойызға мініп үйлеріне қайтты. Сол күні өңір бойынша төтенше жағдай қызметкерлері жолда қалған 30 адамды құтқарған.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпыхар.