Құсбегілік – бекзада өнер

Құсбегілік – атадан мирас болып келе жатқан бекзада өнер.

Бүркіт – ер жігіттің көркі. Ал қыран құс таза адамды жақсы көреді. Сондықтан бүркіт асырап, қыран баптаған құсбегі бойын жаман әдеттен аулақ ұстауы керек. Сонда ғана аңға салған құсы олжалы болады,-дейді түркістандық құсбегі Бекет Шалипов. Кәнігі бүркітші атадан қалған асыл өнерді кейінгі буын жастарға үйретіп жүр.

Түркістан қаласының тұрғыны Бекет Шалипов бүркітшілер әулетінен шыққан. Жеті атасынан бері қарай өз әкесі Алдаберген ақсақал да құсбегілік өнерді тұмардай сақтап, балаларының бойына сіңірген. Бекет кішкентай кезінен әкесіне еріп, аңға шығып, құс баптаудың қыр-сырын үйренгенін айтады. Қолы қалт еткенде қала сыртына шығып, құс ұшырады. «Қыран қолда көп отырмай, қанатын жазып тұруы тиіс»,- дейді. Бүркіті де иесіне әбден үйренген.

Бекет Шалипов, құсбегі:

- Аты Ақиық! 10 жаста қазір, 2014 жылы қолыма түсті. Содан бері міне 10 жыл болды серіктесіп, екеуіміз бір-бірімізге бауыр басып қалғанбыз. Енді 1-2 жылдың көлемінде бостандыққа қоя берсек пе деген ой бар. Өйткені жақсы құстар жақсы ұя тауып, жақсы балапан шығару керек. Бізде құсбегілікте сондай 8 -10 жылда қоя береді. Басқа бүркіт ұстауға әрекет жасайды.

Құсбегі бекзада өнерді кейінгі буын жастарға үйретуден жалыққан емес. Қайта өзіне мақсат санайды. Сондықтан қыран ұстауға құмар жастар да үнемі саятшының қасынан табылады. Өз ұлы Әли де ит жүгірткенді ұнатады.

Әли Алдаберген, құсбегінің ұлы:

- Ол аңға шыққанды қатты жақсы көреді. Өйткені біз аңға шығатын кезде оларға тамақ бермейміз. Олар қарны аш болғандықтан аңды ұстауға тырысады. Қатты тоқ болса жүгіре алмай қалады. Сондықтан аңға шығарда тамақ бермейміз.

Дархан Әлзақ, құсбегінің шәкірті: 

- Өзімнің бір бүркітім бар. Қалай тамақ беру, қалай баптау керектігін осы Бекет ағамнан үйреніп жатырмын. Құс баптау өте қиын. Ол да өзіңнің бір сәбиің сияқты суын берің керек, астын тазалау керек. тұрған жері өте таза болуы керек. Берген тамағың да таза болу керек. Сондай-сондай баптаулары бар. Құсты сезбеген, қызығушылығы болмаған адам ұзақ уақыт оны ары қарай жалғастырады деп ойлаймын.

Құсты баптау қаншалықты қиын болса, оны аңға алып шығудың да соншалықты қызығы бар. Саятшы оны көпшілік сезіне бермеуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан «баптаған бүркітің аң алған сәттегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, оны тек сезіну керек»,- дейді. Ал жастардың бабадан қалған асыл өнерге құмартуы көңілін көтеріп, мерейін тасытады. 

Бекет Шалипов, құсбегі: 

Жастар көбейіп жатыр, құс салатын, құс көтерейінші деп жүрген інішектер, қызығушылық артып жатыр. Қасыңда шырға көтеріп жүреді, етін әкеліп береді. Біз өзіміз әкемізге қарап еліктеп өскенен кейін ұлым да бізге қарап еліктеп жатыр. Сен осы жолмен жүресің деп айта алмайсың ғой қазіргі балаларға. Олардың таңдау өздерінде болады, бірақ сонда да қызығушылығы бар. Қасымызда жүреді, үйретіп жүрік қолдан келгенше баулып жатырмыз. Бізден келіп үйренеміз десе құшақ ашып қарсы алып, қолымнан келгенді үйретуге мен дайынмын.

Бекет Алдабергенұлы - құсбегілердің республикалық сайысының бірнеше дүркін жеңімпазы. Бүгінге дейін онға жуық шәкірт тәрбиеледі. Құсбегінің бар арманы - атадан балаға мирас болған ұлттық өнерді болашақ ұрпаққа жеткізу.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш