Бала санына байланысты берілетін жәрдемақы өсті 

Елде балалы отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы көлемі былтырға қарағанда өсті.

Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Мәселен, былтыр 1, 2 және 3-бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 мың 296 теңге болса, биыл 149 мың 416 теңгеге жетті. Төртінші балаға берілетін төлем 247 мың 716 теңгені құрайды. Айта кетейік, елімізде көп балалы отбасыларға берілетін ай сайынғы жәрдемақы көлемі бала санына қарай сараланған мөлшерлемемен есептеледі. Мәселен, былтыр 4 балалы отбасылар мемлекеттен 59 мың 183 теңге жәрдемақы алса, биыл бұл отбасылар 63 мың 30 теңге алады. 10 және одан көп бала сүйген жанұялар биылдан бастап 157 280 теңге жәрдемақы алады.

1, 2 және 3 бала  - 149 416 тг

4 және одан көп бала - 247  716 тг

4 және одан көп балалы отбасылар - 63 030 тг

10 және одан көп балалы отбасылар - 157 280 тг

Ғалия Жабағина, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары:

- 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері инфляция деңгейіне өсетін болады. Ұлттық банк айқындаған инфляцияның болжамы биыл 6,5%-ды құрады. Сәйкесінше барлық жәрдемақылар осы деңгейге көтерілетін болады. Барлық балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы күтіміне байланысты, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыға берілетін жәрдемақы, сондай-ақ көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы осылайша инфляция деңгейіне көтерлетін болады.