Ғасыр жасаған ардагердің тағдыры шырғалаңға толы болды

Ғасыр жасаған қостанайлық ардагер Павел Даценконың тағдыры шырғалаңға толы.

Соғыс кезінде өлдіге саналған сарбаз ғайыптан аман қалды. Кейін бейбіт өмірде ел қауіпсіздігінің алдыңғы шебінде болды. 

Павел Даценко 1925 жылы Қостанай облысының Владимиров елді мекенінде дүниеге келген. Он сегізге толар- толмас шағында соғысқа аттанып,  талай қиян-кескі шайқасқа   қатысқан. Бірде басынан ауыр жарақат алып, өліктер арасында  ес-түссіз жатқанда, қолындағы сағатын шешіп алмақ болып, жақындаған жауынгер мұның тірі екендігін байқапты. Содан госпитальға жеткізіп, «сағатыңа ие бол, ол сенің өміріңді сақтап қалды» деп жазба қағаз қалдырған. Одан кейін да сол сұрапылда басынан өткерген сын сағаттар аз болған жоқ.       

Петр Сиянов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері:

- Соның ішінде ол қатысқан тарихи маңызы бар оқиға, ол Курск шайқасы. Шешуші роль атқарған сол ұрыста Павел Даценко асқан батырлығымен көзге түскен. Екі бірдей Ерлігі үшін медальімен наградталады. Одан кейін Отан соғысы орденін кеудесіне тақты. Павел Венгрия, Румыния, Чехославакияны азат ету шайқастарына қатысып, Жеңісті Аустрияның Вена қаласында қарсы алған.

Елге оралған соң ұзақ жыл Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде қызмет етті. Оның әскери дайындығы, шұғыл шешім қабылдап, әрекет ету қабілеті осы салада айқын көрініс тапты.  Контрбарлау жүйесін жетілдіріп, жоғары кәсіби денгейге көтерді. Сол үшін де әріптестері оны жоғары бағалайдық .

Жақсылық Ізтелеуов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері: 

- Павел Васильевичтің өмір жолы туған елімен тығыз байланысты. Оның халқына деген сүйіспеншілігі,  қайсар, жігерлігі жүз жылдарға ұрпаққа үлгі боларлықтай. Ол елін, жерін сырт жаудан қорғауға жан аямай айқасты, ал кейін бейбіт кезеңде де ел қаупсіздігі үшін алдыңғы шепте жүрді.

Павел Даценко зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырған жоқ. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып келді. Өзі туып өскен Владимиров ауылындағы мектепке жиі барады. Мынау осыдан екі жыл бұрын ғана болған кездесу. Әрине қазір денсаулығына байланысты мұндай жиындарға бара қоймайды. Сыртқа шығуы да сирек. Алайда ауылдастары, әріптестері ардагердің айтқан ақыл, өсиет сөздерін мерейтой қарсаңында жадында жаңғыртары анық.   

Павел Доценко, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері:

- Мен Сіздердің  биік белестерді бағындырып, табысты болғандарыңды  қалаймын. Әрдайым жеңіске жете беріңдер. Ең бастысы, Отанды сүйіңдер. Әркімнің сөзіне сенбей, жалған мен шындықты ажырата біліңдер.

Ғасыр жасаған ардагердің атына еліміздің түкпір-түкпірінен құттықтау тілектер түсіп жатыр. Ал жерлестері Павел Даценконың 100 жасқа толу құрметіне мәдени шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырмақ.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг