Арал ауданында әлеуметтік нысандар қолданысқа берілді

Қызылорда облысының Арал ауданында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.

Аудан орталығында «Жайлы мектеп» оқшыларға есігін айқара ашса, Сексеуіл кенті мен Тоқабай ауылында жаңадан салынған медициналық нысан іске қосылды. Мұнан бөлек, екі елді мекенді табиғи газға қосу рәсімі өтті.

Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде 12 мыңдай тұрғын бар. Бұл елді мекендегі аурухананың іргетасы  осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын қаланған. Тозығы жеткен ғимараттың кем-кетігі көбейгесін, жаңасы салынды. Медициналық нысан 40 төсек орынға шақталған. 

Наурызбай Байқадамов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Заманауи медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілу осы жобаның ішіне кірген. Сондықтан бұл біздің басты байлығымыз денсаулықты әрі қарай күшейтуге және ұлттық денсаулық мәселесін оң бағытқа жүргізуге мүмкіндік береді.

Ауданның Тоқабай ауылында да дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Арал қаласында 300 орындық «Жайлы мектеп» ашылды. 

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең бастысы, бұл жерде бір мәселе – Президент бұны ауылдың балаларына жасап жатыр. Негізінен қаланың мектебі мен ауылдың мектептері бірдей болсын. Әрине бұл мұғалімдерге де үлкен жауапкершілік. Бұрынғыдай емес, қазір жаңа әдіспен жұмыс істеп үйрену керек. 

Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Биылғы жылы 6 мың 900 орынға арналған 10 «Жайлы мектеп» толық байдалануға берілетін болады. «Жайлы мектептердің» негізгі ерекшелігі трансформер парталар және балалардың қауіпсіздігі, заманауи талаптарға сәйкестендірілген технологияларды игеру болып табылады.

Ауылдың әлеуетін көтеруге бағытталған жобалардың бірі - Шижаға және Сексеуіл кентін газдандыру болатын. Аталған елді мекендерді газға қосу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Айта кетейік, былтыр өңірде газдандыру жобаларына 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 330 шақырым газ желісі тартылды. Бүгінде аймақ тұрғындарын көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 78 пайызға жетті.

Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамбет Байділдаев