Еліміздің құрылыс саласында бәсекелестік жоқ

Қазір өрт сөндіру бөлімдерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салынып жатыр.

Былтыр алғаш рет тез тұрғызылатын конструкциялардан өрт сөндіру деполарын салу жобасы қолға алынды. Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент сияқты ірі қалаларда және Нарынқол, Қордай, Миялы және Орангай ауылдарында 10 заманауи өрт сөндіру бөлімі ашылды. Сондай-ақ 700-ден астам өрт және авариялық-құтқару техникасы, 4 әуе кемесі және 19 мыңға жуық жабдық сатып алынды. Жалпы, былтыр отандық құтқарушылар 83 мыңнан астам өрт сөндіру және басқа да авариялық-құтқару жұмыстарына барды. Қызмет барысында 14 мыңнан астам адамды қиын жағдайдан құтқарды. Сондай-ақ 67 мыңнан астам адамды эвакуациялап, зардап шеккен 5 мыңнан аса адамға шұғыл медициналық көмек көрсетті. 

Былтыр елде 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл рекордтық көрсеткіш.  

Ал құрылысқа 965 млрд теңге бөлінген. Осылайша 160 мыңнан астам тұрғынның баспаналы болуына мүмкіндік туды.

Былтыр тұрғын үй құрылысы рекордтық көрсеткішке жетті

2029 жылға дейін елде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы керек. Мемлекет басшысының пәрмені осы. Былтыр оның  18 млн-ы пайдалануға берілген. Көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 44%-ке көп. Үкімет те құрылыс секторын одан әрі ынталандыруға бейіл. Тіпті тұрғын үй саясатын реформалауға мүдделі. Арнайы заң да әзірленіп, қабылданды. Қазірдің өзінде баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдау тетігі бар. Алайда, демеу құралдарының бәрі бірдей тиімді әрі толыққанды қолданылып жатқан жоқ. Мұны үкімет басшысы айтты. Олжас Бектенов баспана кезегінде шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек дейді. Сөйтіп, тізімді қайта қарауды тапсырды. Бұл жұмыс биыл аяқталуға тиіс.

Құрылыста бәсеке жоқ

Құрылыс нарығына жаңа ойыншылар керек. Экономист Бекнұр Қисықов баспана құнын көпшілікке қолжетімді ету үшін ірі ғана емес, ұсақ компанияларды да тарту маңызды дейді. Өйткені ұсынылып отырған үйлердің бағасы көпшілікке қолжетімді емес. Салада бәсеке жоқ. Жыл соңындағы доллардың өсуі бұл нарықты да айналып өтпеді. Мамандар, баспана құны тағы өсетінін болжап отыр. Желтоқсанның өзінде жылжымайтын мүлік нарығының барлық сегментінде өсім болды. Қазір қазақстандықтардың дені жалақысының бір бөлігін пәтер жалдауға немесе ипотека төлеуге жұмсайды. Елдегі баспана мәселесін шешуге мүдделі кәсіпкерлерге мүмкіндік берген жөн дейді сарапшы. Ол құрылыс қарқынын одан сайын үдету қажет деген пікірде. Өйткені 90 жылдардағы дефицит салқыны әлі де сезіліп отыр, урбанизация үдерісі де баспанаға сұраныстың артуына ықпал еткен.

Бекнұр Қисықов, экономист:

- Негізі құрылыс индустриясы қазір дамып жатыр, шындықты айту керек. Мүмкін оған кейбір кезде ақша жетіспейтін шығар және геосаяси жағдайлар да әсер етуі мүмкін. Қазір көрші елдерде, мысалы Ресей арқылы тауар алу қиын болып кетті. Оған да қарау керек. Тек Қазақстанның мүмкіншілігі емес, қасымыздағы Ресей, көрші елдермен қарым қатынастың мүмкіншіліктерін қарау керек. Мысалы тауарды біржақтан алу да қиын.

Құрылыс материалдары сырттан келеді

Желтоқсан айында тұрғын үй нарығындағы сатып алу-сату келісімдері 2,5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бас-аяғы 50 мың құжат рәсімделіпті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 32 пайызға көп. Сұраныстың артуына доллардың өсуі де әсер етті. Үй қымбаттай ма деген күдік көпшіліктің белсенділігін арттыра түскендей. Сондай-ақ зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланғандар қатары артқан. Десе де, үй құны құрылыс материалдарының бағасына тәуелді. Себебі өзімізде өндіріс бәсең. Ал сырттан келетін өнімдер доллармен есептеледі. Демек, валюта бағамы тұрғын үй бағасына себеп болары анық. Бұл ретте сарапшы Бекнұр Қисықов жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды көбейту қажет дейді. Экономист бюджетке салмақ салуды құп көрмейтінін жеткізді.

Бекнұр Қисықов, экономист:

- Бізде бюджет үлкен емес, шынын айтқанда. Осы күнге дейін біз қазбалы байлықты экспорттап жүргенбіз. Соның арқасында экономикамыз дамыған. Бірақ қазір мұнайдың жағдайы онша емес, 25 жылға мұнайдың экспортқа бағасы түсуі мүмкін деген болжам бар. бірақ сондай болып жатса, бәріне әсері тиеді. Сондықтан әлеуметтік жағын қолдағанда, ол жерде де баланс болу керек. Ол жерде де мұқият қарау керек.

Отбасы банк төрағасы жұмысшыларды әлеуметтік қолдаудың тиімді құралы ретінде "Корпоративті өнім" бағдарламасын ұсынды. Премьер-министр жұмысшылар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын пысықтауды тапсырған еді. Отбасы банк ұсынған "Корпоративті өнім" жобасы 2019 жылдан бері жүзеге асып келеді. Оның аясында 1000-ға жуық адам қоныс тойын тойлады. Олардың қатарында - зауыт жұмысшылары, энергетиктер, кеншілер, металлургтер, мұнайшылар мен дәрігерлер бар. Банк пен компаниялар қолжетімді заемдарға 5,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Өнім әрбір жұмыс берушіге икемді шарттарымен ыңғайлы. Ең бастысы, жоба бюджеттен әлеуметтік жүктемені азайтып, өңірлерде жұмыс істейтін жастарды ынталандыруға мүмкіндік берді.

цитата:

Ләззат Ибрагимова, Отбасы Банкінің Басқарма Төрағасы:

Еңбек адамдарының тұрғын үй мәселесін шешуде қолдау көрсету – біз үшін өте маңызды. Өйткені, кәсіпорын қызметкерлері көп жағдайда қажетті бастапқы жарнаның болмауы мен жалақыларының жеткіліксіздігінен мемлекеттік бағдарламалар мен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатыса алмайды. Ал "Корпоративтік өнімді" пайдалана отырып, олар өз қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешуге болады. Бұл қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатына инвестиция құюмен тең.  Әрі күшті және ынталы команда құрады, көптеген жағдайларда елдегі ішкі көші-қонның алдын алады, сирек және құнды кадрларды сақтайды.