Қызылордада «Киберволонтер» жобасы іске қосылды
Айти саласында жүрген білікті жастар интернет алаяқтықтың жолын кесуге атсалысып жатыр.
Бірнеше қылмыстың дер кезінде ашылуына себепкер болды. Ерекше бастамаға жұмылған еріктілер туралы әріптесім Нұрлан Жақыпбеков айтып береді.
Облыстық прокуратураның мәліметі бойынша соңғы 5 жылда Қызылорда облысында тіркелген қылмыстың 19 пайызы алаяқтықпен байланысты. 17 жылдан бері IT саласында жүрген Алмат Қуанышбаев интернет алаяқтықтың етек жайып бара жатқанын айтады. Оның ішінде кең тараған түрі - әлеуметтік желі мен смартфон қосымшалары арқылы жалған сілтеме немесе хабарлама жіберу, дейді маман.
Алмат Қуанышбаев, "IT Park" орталығының жетекшісі:
- Мысалы, сіздің телефоныңызға «1414»-тен хабарлама келеді, «1414»-тің мәтінімен келеді. Бірақ, код келеді. 6 цифрлы код келеді, ол 6 цифрлы код бұл сіздің счетыңызға доступ алу деп аталады. Мысалы, парольді ұмытып қалдым, құпия сөзді ұмытып қалдым деген кезде сізге «СМС» келеді ғой, банкілерден, дәл сол сияқты «1414» арқылы соңғы болып жатқан жағдайлар осы.
Интернет алаяқтықтың алдын алу үшін қалада «Киберволонтер» жобасы қолға алынды. Облыстық жастар ресурстық орталығы, «IT PARK» және «Киберпол» қызметінің біріккен бастамасы аясында әлеуметтік желідегі алаяқтықтың алдын алу шаралары қолға алынған. Цифрлық технологияның тілін меңгерген 10 еріктінің қатарында 22 жастағы Бек Қази да бар. Ол осы күнге дейін бірнеше жалған сайтты әшкерелеуге атсалысқан.
Бек Қази, киберволонтер:
- Компьютерлік сауаттылық болмаған себебінен көбісі сондай сілтемелерге өтіп қояды да өзінің ақшасынан, болмаса суретінен айырылып қалады. Суреттер дегеніміз не себептен, ол суреттерді олар желіге жариялап, бопсалайды. Бізде оны алдын алу себебімен соны қарастырамыз. Осы жерде отырып, сол сілтемелерге анализ жасап, органдарға жіберіп отырады.
Әліби Басаров, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:
- Волонтерліқ қызметте жүре отыра өздерінің IT саласында қызмет атқару және де сол арқылы алдағы уақытта ішкі істер саласында қызмет жасап кетуге, одан бөлек кибер қылмыстары ашу дейміз және сол ашылған қылмыстарды әрі қарай әлеуметтік желідегі түрлі сайттарды ақпараттарды беру арқылы оны бұғаттау жұмыстарына қарай атсалысатын болады. Сол үшін бұл үлкен жаңа бастама десек болады, еліміздегі.
Киберволонтер қызметі – уақыт талабы. Еріктілер интернеттегі түрлі құйтұрқы амалдарды анықтап қана қоймай, қоғамды әлеуметтік желідегі жауапкершілікке үйретеді, қауіп-қатер туралы ескертеді, дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев