77 жастағы алматылық қырық жыл бойы балаларға мұз айдынын өз күшімен жасап келеді

77 жастағы алматылық Валерий Паршаков қырық жылдан бері балаларға арналған мұз айдынын өз күшімен жасап келеді, деп хабарлайды 24kz.

Ықшамаудан ауласындағы мұз айдынға балалар қаланың түкпір-түкпірінен келеді. Қария әр адам салауатты өмір салтын ұстанса деп армандайды.

Бұл мұз айдынының тарихы сексенінші жылдардан бастау алады. «Орбита-1» ықшамауданының тұрғыны Валерий Паршаков қызы үшін бос жерге сырғанақ жасауға кіріседі. Әуелі жасөспірімдер әкелген құрылыс материалдарынан қоршау жасайды. Ал 2018 жылы әкімдіктің көмегімен толыққанды хоккей алаңын жабдықтайды. Содан бері көршілері айтпақшы, Валера ағай жыл сайын су құйып, мұз қатырып, сырғанақты өзі тазартады. Тіпті пластикалық құбырлардан балаларға сырғанауға көмектесетін сырғымалар жасап қойыпты. Ал, мұз айдыны үшін суды өз пәтерінен алады.

Валерий Паршаков, Алматы қ. тұрғыны:

- Алғашында балалар құрылыс алаңынан тақтай тасыды. Шағын құрылым жасап алдық. Содан кейін су құйып, мұз қатырдық. Қазір 90 метрлік шланг сатып алдым. Өзім бірінші қабатта тұрамын. Пәтерден жертөлеге су құбырын тартып, сол жерден су аламын.

Бірнеше жыл бұрын осы мұз айдынында спорт жарыстары ұйымдастырылып, «Алтын шайба» жарысына ондаған аула командалары қатысыпты. Бір қызығы, бұл жерге тұрғындардың үш буыны келіп, сырғанақ теуіпті. Алғашқы буын қазір мұнда немерелерін әкеліп жүр.

Валерий Паршаков, Алматы қ. тұрғыны:

- Осы уақыт ішінде 6 шайбалы хоккей шеберін дайындадым. Үш қыз – біреуі осы үйде тұратын, Қазақстан құрамасының қақпашысы болды. Екіншісі мында, үшінші қабатта тұрды. Ал үшіншісі 16 жастағы менің ортаншы немерем. Ол Қазақстан құрамасының мүшесі. Мен оның алғашқы жаттықтырушысымын. Содан кейін спорт мектебіне жібердік, онда спорт шебері деңгейне көтерілді. Менің тағы бір шәкіртім бар Роман Большедворский. Ол да алғашқы қадамдарын осында бастады.

Мұз айдынына кіру ақысы 500 теңге. Түскен қаражат коммуналдық шығындарды өтеуге және мұз айдынын қалыпта ұстауға жұмсалады. Валерий Паршаков үшін пайда емес, бастысы, балалардың қуанышы мен оларды спортқа қызықтыру.

Блиц 1:

- Бұл жерге әр демалыс күндері келемін. Өте керемет.

Блиц 2:

- Мұз айдыны туралы әпкемнен естідім. Осы жерде конькимен сырғанауды үйрендім. Маған өте ұнайды.

Валера ағайдың арманы – Алматыда үлкен хоккейді дамыту. «Ол үшін жас хоккейшілерді тәрбиелеуден жалықпаймын», - дейді ол.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдыкбаев