Өңірлерде әуежай қызметінің сапасы артты

Елде 3 бірдей әуежай терминалы ашылғалы жолаушыларға қызмет көрсету сапасы артқан, деп хабарлайды 24KZ. Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларына қосымша рейстер ашылып, халықаралық әуе тасымалын дамытуға мүмкіндік туды. Сарапшылардың ойынша, бұл өзгеріс туризмге оң әсер етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін береді.

Қызылордада салынған жаңа әуежай терминалының аумағы 7500 шаршы метр. Заманауи ғимаратта телескопиялық трап, эскалатор мен лифт бар. Жүріп-тұруы қиын жолаушылар үшін де ыңғайлы жағдай жасалған. Нәтижесінде жолаушы тасымалдау көрсеткіші жеті есе артып, жүк айналымы да ұлғайды.

Жаңа әуежай терминалы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жеке инвестордың қаржысына салынды. Аймақ үшін маңызды жобаға 35 миллион  доллар жұмсалған. Халықаралық талапқа сай әуе қақпасы туризмді дамытып, басқа да инвесторлар тартуға тың серпін бермек.

Баян Әжмолдаев, «Қорқыт ата әуежайы» АҚ басқарма төрағасы:             

- Қазіргі таңда жаңа терминалдың ерекшелігі... Бұл сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсетіп жатырмыз. Ол жылына 2 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр жаңа терминалымыз. Жаңа терминалымыздың жалпы көлемі 7500 шаршы метр.

Шымкенттегі жаңа әуежай терминалы жолаушыларды өткізу қабілетін 10 есе арттыруға мүмкіндік берді. Халықаралық талапқа сай болу үшін телескопиялық траптар мен 6 гектар жерге перрон жасақталды. Осылайша әуе айлағында ұшақтарға техникалық қызмет көрсетіліп, жүктерді тиеп-түсіру ісі жетілдірілді. Жаңа нысанда қонақ үй, сауда орындары, дәріхана секілді қызмет көрсету орындары бар.

Гүлбану Сүлейқұлова, қала тұрғыны:

- Біз ескі терминалға келе жатқанбыз. Бірақ бірден жаңасына деген кезде қатты қуандық. Көңілімізден шықты. Кең, ауқымды. Жаңа стильде жасалған. Мен ұлымды Астанаға алып барған сайын армандайтынмын. Әуежайын көргенде неге бізде де осындай терминал болмасқа деп. Былай айтқанда, келетін қонақтарды ұялмай күтіп алып, шығарып салуға өте ыңғайлы болып қалды.

Шымкент әуежайы толық қуатында жұмыс істеуге кезең-кезімен көшіріледі. Қазір сала мамандары әлемнің жиырмаға жуық әуе компаниясымен келісім жасап, түрлі мемлекетке жаңа рейстер ашуды жоспарлап отыр. Ал Мемлекет басшысы жүктеген міндетке сәйкес әуежайды мультимодальды орталыққа айналдыру үшін екінші ұшу-қону жолағы салынбақ.

Ролан Ибрагимов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Сол ұшу-қону әуе жолағын істейтін болсақ, ол кезде ауа райының салдарынан  ұшақтардың тоқтауы немесе уақытынан кешігуі болмайды. Яғни нөлдік көріністе де ұшақтар қона береді. Бұл ең замануи үлгідегі терминал.

Әуе кемелерінің жолын жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға ұсынылған. Оң қорытындысы шықса ұшып-қону жолағы ұзартылып, жүк көтеру қабілеті 60%-ке арттырылады. Ал халықаралық жүк тасымалын жетілдіру үшін іргедегі сауда-логистикалық орталықтың аумағы ұлғайтылып, ірі жобалар іске қосылады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрлан Жақыпбеков, Самат Нағашбекұлы.