Ұлытау облысында үш мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр
Халық санының өсуіне байланысты Ұлытау облысында балабақша тапшылығы бар, деп хабарлайды 24KZ. Қазір 3 мыңға жуық бүлдіршін кезекте тұр. Енді жергілікті билік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде инвестор тартуға көшті. Ал жақында әрқайсы 320 балаға арналған 2 балабақша қолданысқа беріледі. Екі нысанның да құрылысы ұзаққа созылып, мерзімінен кешіккен еді.
320 орынға шақталған бұл балабақшаны Жезқазған тұрғындар 10 жыл күтті. 2013 жылы басталған құрылыс түрлі себеппен тоқтап қалған еді. Облыс әкімдігі мен ірі өндірістік компания арасындағы меморандум аясында толық аяқталды. Қазір нысанды қабылдап алу үшін құжаттары рәсімделіп жатыр. Ал Сәтбаев қаласындағы бөбекжай келесы апта бүлдіршіндерді қабылдай бастайды. Заманауи үлгідегі бөбекжайда балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Педагог мамандар арнайы конкурс арқылы іріктелді.
Жанат Темірбекова, балабақша меңгерушісі:
- Интерактивті панельдер бар, интерактивті үстелдер бар балаларға арналған. Дамытушы ойыншықтар бар. Сөйлеу қабырғаларын алдырттық. Сондай заманауи заттармен толықтырылған. Балалардың бойына, стандартқа сай жабдықтауға тырысып жатырмыз. Заманауи талаптарға сай балабақша болады деп ойлаймын.
Екі балабақша 640 баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға мүмкіндік береді. Дегенмен оның өзі Жезқазған мен Сәтбаевтағы балабақшаға деген сұранысты өтей алмайды. Себебі соңғы жылдары халық саны өсті. Қазір өңірде 2 мен 6 жас аралығындағы 3 мыңға тарта бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
Бибігүл Көлбаева, облыстық білім басқармасының бас маманы:
- Туу көрсеткіші өте жақсы. Кезек өсіп жатыр. Күннен-күнге кезек өсіп жатыр. Сондықтан біз балабақшаны ашсақ та, қамту жасасақ та, екінші жағынан, кезек көбейіп келе жатыр. 2025 жылы бізде тағы да 2 балабақшаның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Биыл құрылысын бастаймыз деп жоспарланып отыр. Ол Кеңгір селосында 320 орын және Сәтбаев қаласында 280 орын балабақшалар.
Қазір облыстағы бүлдіршіндердің 83%-і мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Биыл бұл көрсеткіш 89%-ке жетеді. Бұл ретте жергілікті билік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасына үміт артып отыр. Жеке балабақша ашуға ниетті инвесторларға мемлекеттік тапсырыстан бөлек, тегін жер телімі беріледі.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.