Жемқорлардың шетелге шығуына шектеу енгізіле ме?
Елде жемқорлардың тізімі жариялануы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ. Билік бұған «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді тұсау үшін барып отыр. Бүгін Мәжіліс депутаттары жемқорлардың жазасын күшейтуді талқылап, тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжатқа сәйкес енді параны уәде еткендер де, оны ұсынғандар да қудаланады.
Жаза қатайса, қате азаяды. Бұл қағида – сөзсіз кез келген қылмысқа қылбұрау. Алайда біздің билік жауапкершілікті күшейтуге келгенде байсалдылық ұстанады. Соның әсерінен қоғамда Конституциямыз кешірімді деген пікір бар. Жемқорлықты толығымен тұсай алмай отырғанымыз да осыдан. Мәжіліс бүгін осы тақырыпты ортаға салды. Депутаттар жазаны күшейту жағында. Заңсыз сыйақы бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді мақұлдап, бергенді де, алғанды да жазалауды қолдады. Жаңа құжат қазынаға қол сұққандарды қудалап қана қоймайды. Олардың аты-жөнін алты алашқа жариялап, жемқорлар тізіміне енгізу көзделіп отыр.
Ұлан Сарқұлов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
- Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылады. Тізілім Агенттіктің сайтында орналастырылады. Тізілімді жүргізуді Агенттікке бекіту көзделіп отыр.
Сыйлық пен параны қалай ажыратамыз?
Енді қылмыскер атану үшін параны уәде ету немесе ұсынудың өзі жеткілікті. Алыс-беріс жайлы ауызша келісімнің өзі темір торға тоғытуы мүмкін. Мұндай жауапкершілік шенеунікке де, қарапайым тұрғынға да қатысты. Атқамінерлердің айтуынша, бұл бастама жемқорлықтың алдын алуға көмектеседі. Депуттар да шетелдік тәжірибені мысалға алып, бұл норманы қолдап отыр.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бізде де азаматтардың құқықтық санасын өзгертетін уақыт келді деп білеміз. Шенеунікті сатып алуға тырысқан немесе пара талап еткен кез келген әрекет қылмыс ретінде қарастырылуы тиіс. Бұл нормаларды бірден енгізіп жібермей, кейінге қалдырдық. Яғни заң жобасы күшіне енген соң бір жылдан кейін күшіне енетіндей мүмкіндік қарастырып отырмыз. Ол не үшін? Біздің басты мақсатымыз азаматтарды түрмеге тоғыту емес. Сыбайлас жемқорлыққа деген мәдениетті қалыптастыру.
Алайда бұл нормадан кейін заңды сұрақ пайда болады. Қараша мұғалімге немесе дәрігерге алғысын жеткізу үшін сыйлық беруді дәстүрге айналдырған. Мұны халық өзара құрмет деп есептейді. Ал жаңа құжат қабылданса, сыйлық пен параның аражігі қандай болады? Бұл туралы Антикор өкілдері бүй дейді.
Ұлан Сарқұлов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
- Әрине, қайтарымсыз сыйлық қылмыс болып есептелмейді. Бірақ белгілі бір қызмет көрсету үшін берілген сыйақы пара деп саналады. Яғни берушінің ниеті мен талабына байланысты. Негізі параның көлемі 2 АЕК-тен басталады. Ал еңбегі үшін берілген сыйлықтың құны 5 АЕК-тен асса, арнайы қорға өткізу керек.
Жемқорлардың шетелге шығуына шектеу енгізіле ме?
Жемқорлардың шетелге шығуын шектеу мәселесі де қаралуы мүмкін. Агенттік өкілдері: «Талқылаудан қашпаймыз», – деді. Депутаттар да бұл бастамаға бейіл. Мәжіліс ішінде мынадай пікір бар. Елде коммуналдық не салықтық қарызын жаппағандардың шетелге шығуы шектеледі. Тиісінше мұндай жаза қазынадан заңсыз алған қаржысын толық қайтармаған жемқорларға да қолданылуы керек.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мұны негізі қарауға болады. Бірақ айналып келген кезде біздің қорқып отырғанымыз бізде Конституциялық Сот жұмыс істеп отыр. Ертең азаматтардың құқығын таптады деген әңгімеден ғана қорқып отырмыз. Әйтпесе бірнеше рет айтылған, талқыланған мәселе. Менің ойымша, бейресми түрде ақылдасу керек. Заңға қайшы келмей ме.
Басшыларға бақылау артады
Жазаны күшейтуге бағытталған құжаттың бір ұшы лауазымды шенеуніктерге тиді. Енді әр басшы қол астындағыларға жауап береді. Олар кез келген жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға міндетті. Сондай-ақ өзінің таныс-тамыры, ағайын-бауыры жайлы ақпарат беріп отыруға тиіс. Оларға бақылау артады. Бұл да профилактика. Ал депутаттар заңмен шектелмей, кеселмен қоғам болып күресуді ұсынып отыр.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Халық жемқорлықпен күресте түбегейлі өзгерісті күтіп отыр. Бірақ Антикор жалғыз өзі күреспеу керек. Қоғамды, мемлекетті басқару жүйесін жемқорлықтан тазарту – бүкіл қоғамның міндеті. Әр азамат күнделікті өмірде ешкімнен қорықпай, бейжей қарамай, жемқорлықпен күресу керек. Қоғамның құқықтық санасын өзгертуге қадам жасау керек.
Бірінші оқылымда мақұлданған құжат ауқымды. Өзгерістер қатарын тізсек, әкімшілік сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін полиция қызметкерлері жазаланады. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы мүдделер қақтығысын шешу тәртібі заңмен белгіленеді.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейітов, Айдос Меделбеков.