Павлодарда жаңа жылдың көркін келтірген шыршаларды қабылдау пункттері ашылды
Жаңа жыл меркесінен кейін қоқыс алаңдары қураған шыршаға толады.
Бұл жыл сайын қайталанатын үрдіс.
Биыл Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы ерекше акция жариялады. Орманшылар осылайша мерекеде пайдаланылған қылқан жапырақты ағаштарды кәдеге жаратуды көздейді.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Жаңажылдық мерекелерден кейін көптеген қала тұрғындары шыршадан қалай құтылудың жолын іздейді. Биыл павлодарлықтар үшін оның оңтайлы шешімі табылды деуге болады. Қалада арнайы шырша қабылдау пункттері ашылып жатыр. Онда сіз жаңа жылда мерекеңіздің сәні болған шыршаңызды әкеліп тапсыра аласыз. Акцияға мен де өз үлесімді қосып жатырмын. Мамандар оны алдағы уақытта кәдеге жарататын болады
Шыршаның жас бұтақтарында пайдалы дәрумендер көп. Оны өңдеп, жабайы жануарларға азық ретінде беруге болады. Қылқандары питомниктердегі хайуанаттардың астына төсеуге немесе отын ретінде пайдалануға жарайды.
Альмира Жингулова, облыстық орман шаруашылығы және ЖД аумақтық инспекциясының бас маманы:
- Біз бұл акцияны алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Бірінші күні осынша шырша әкеледі деп күтпеп едік. Қазір міне 28-шыршаны тіркедік. Адамдардың қайырымды іске бейжай қарамайтыны қуантады.
Наталья Змушко акцияға алғашқылардың бірі болып үн қосты. Өзі ғана емес көршілерінің де атсалысқанын қалайды. Сондықтан жаңалықты бәріне бірдей жеткізіп үлгеріпті. Мереке өткен соң жұрт шыршаны қоқысқа лақтырады. Неге пайдаға жаратпасқа дейді ол.
Наталья Змушко, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Инстаграмда жаңа жылда қолданылған шыршаны тапсырыңыз деген ақпаратты көзім шалды. Қарағайлардың қылқанын питомниктегі жануарлардың астына төсеуге, жабайы аңдарға азық ретінде беруге болатынын естіп қуанып кеттім. Біз жануарларды өте жақсы көреміз. Сондықтан көмектесуге дайын тұрамыз. Осы акция туралы бәріне хабарладым. Өзім міне үйдегі шыршаны әкеліп тапсырып жатырмын.
Шырша қабылдау пункттері қаланың бірнеше жерінде орналасқан. Қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін шеткі аудандарда да ашылды. Науқан қаңтардың 31-іне дейін жалғасады.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков