Қонаевта алты балалы ана пәтерге қол жеткізе алмай жүр

Қонаев қаласы Алматы облысының әкімшілік орталығы болған 2,5 жылдың ішінде бас жоспар қайта бекітіліп, аумағы 100 мың шаршы метрдей көп қабатты тұрғын үй салынды.

Шаһарда биыл тағы 10 шақты үйдің құрылысы басталады.Құрылыс қарқынды болғанымен, ұзақ жылдар бойы пәтер кезегінде тұрса да, үй ала алмай қиналып жүрген азаматтар да аз емес. Солардың бірі – көпбалалы ана Анастасия Нетисова.

Қонаев қаласының тұрғыны Анастасия Нетисова алты баласымен «Қарлығаш» шағын ауданында үй жалдап тұрып жатыр. Үй қожайынына ай сайын 150 мың теңге төлейді. Пәтерақыға коммуналдық төлемдер кірмейді. Көмірді өзі сатып алады. Сапасыз құрылыс материалдарынан салынғандықтан, үйдің іші сыз тартып, керегесі көгерген. Қаладан пәтер жалдайын десе, 6 баламен ешкім алмайды.

Анастасия Нетисова, көп балалы ана:

- Ой, балалармен бермейді арендаға. Мен ойладым қаладан арендаға іздейтін шығармын деп. Іздедім, мені алмады. 6 баламен ала алмаймыз деді. Ренжімеңіз деді. Пришлось осы жерде, подхозда, «Қарлығашта» таптық. 2011-де мына жаққа келдік, тұрып жатырмыз.

Анастасия қазіргі Жетісу облысындағы Ақсу ауданының тумасы. 2009 жылы тұрмысқа шығып, Жансүгірден Қонаевқа қоныс аударған. Сол жылы пәтер кезегіне тұрады. «Кезегім жақындап қалды. Жақында баспаналы боламыз деген үміттемін», – дейді ол.  

Анастасия Нетисова, көп балалы ана:

- Телефонда өзім қарап жүрмін очередімді. Қадағалап отырмын мен. 43-ші болғанмын, қазір 34-ке түстім. Енді құдай қаласа, бұйырса берілетін шығар. Соған сеніп жүрмін мен.

Қонаев қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміндегілер пәтердің әлеуметтік осал топтағы азаматтарға пайыздық көрсеткіш арқылы берілетінін айтты. «Ол тұрғын үй қорынан 80 пәтер бөлінсе, кезек 80 адамға жылжиды дегенді білдірмейді», – дейді мамандар. 

Дархан Батырша, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

- Ол «кезекте.кз» деген портал бар. Оған біз ешқандай өзгерістер енгізе алмаймыз. Ол тек министерство, болмаса жоғары жақтан қаралып отырады. Сосын адамдар үйін алған кезде ғана кезектері жылжып отырады. Сол бойынша ғана алады. Үй кезегі процент арқылы беріледі. Бірінші көп балалы аналарға, сосын жетім қалған балаларға және әлеуметтік осал топтарға беріледі.

Қонаев қаласындағы халық саны 70 мыңға жетті. Алматы облысының орталығында 3654 адам баспана кезегінде тұр. Қалада өткен жылы 85 отбасы қоныс тойын тойласа, жақында тағы 80 отбасы баспаналы болды. Жаңа пәтерлер жекешелендіру құқығынсыз жалға беріліп жатыр. Ал жылт еткен үмітпен кезегін күткен көп халықтың қашан қоныс тойын тойлайтынын ешкім де дөп басып айта алмайды....

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов