Биыл Қызылорда облысында 24 жоба іске қосылады
Биыл Қызылорда облысында 30 млрд теңгенің өнімін шығаруға қауқарлы 24 жоба іске қосылады, деп хабарлайды 24kz.
Нәтижесінде мыңға жуық жұмыс орны ашылуы мүмкін. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Отырыста Сыр өңірінің инвестициялық дамуы қаралды. Аймақтағы жүзеге асырылуға жақын ірі жобалардың қатарында жылына 90 млн дана кірпіш шығаратын зауыт пен 392 тонна түйе сүті ұнтағын өндіретін кәсіпорын бар. Одан бөлек, қуаты 240 МВт болатын жылу электр орталығының құрылысы да аяқталуға жақын. Кеңесте облыстағы түйткілді мәселелер де талқыланды. Нақтырақ айтсақ, «Шалқия» полиметалл кен орнының тиімділігін арттыру және кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салу жайы қаралды. «Аралтұз» компаниясы кальцийленген сода шығаратын Қазақстандағы алғашқы кәсіпорынның құрылысын бастайды. Алайда жоба қаржыландыруды қажет етіп тұр. Осыған байланысты,вице-премьер тиісті қаржы институттарына жобаны қолдауды тапсырды.