Жұмысшы мамандарға арналған ипотекалық бағдарлама іске қосылуы мүмкін
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында елімізде техникалық мамандарға арналған жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасы іске қосылуы тиіс.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелеріне арналған кеңесте айтылды. Жиында елдегі ірі өнеркәсіп орындарының өз қызметкерлерін қолдау, олардың тұрмысын жақсартуға бағытталған шаралары талқыланды. Премьер-министр «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында кадрларға арналған ипотекалық және жалға берілетін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасын кеңейтуді тапсырды.
Айта кетерлігі, 2024 жылы елімізде 19 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,4%-ке артық әрі салада орнатылған рекордтық көрсеткіш.