Сенатор: Қонаев қаласын дамытуға қаржы қажет

Қонаев қаласының коммуналдық инфрақұрылымын салу үшін республикалық бюджеттен арнайы қаржы қажет.

Сенатор Сұлтан Дүйсембинов осылай деп Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, қаланың облыс орталығы ретіндегі жаңа мәртебесіне сай ондағы стратегиялық нысандарды жаңарту керек. Бұл бағытқа алдағы жылдары шамамен 50 млрд теңге қажеттігін айтты. Себебі қалаға электр қосалқы станциясын салу, қаланың жаңа шағын аудандарын газдандыру қажет. Сондай-ақ Әлеуметтік және мәдени мекемелерді, әкімшілік ғимараттарды салу және автожолдарды жөндеу жоспарланған.

Сұлтан Дүйсембинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қонаев қаласының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды іске асыру қажеттілігіне байланысты осы жобаларға арналған шығыстар 2023-2025 жылдарға жалпы трансферттер көлемінде ескерілмегенін ескере отырып, бюджетті нақтылау, түзету кезінде республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлу жолымен қалыптасқан жағдайдың оңды шешілуі және 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары тиісінше әрі уақытылы орындалуы қамтамасыз ету қажет.