Сәтбаев қаласында «Еңбекке құрмет» эстафетасы басталды
«Еңбекке құрмет!». Жұмысшы мамандықтар жылына орай Сәтбаев қаласында осындай атаумен ерекше эстафета басталды, деп хабарлайды 24kz.
Мақсат – қарапайым еңбек адамдарына деген құрметті арттырып, оларға ілтипат білдіру. Бастаманы алғашқы боп қала жастары қолдады. Олар көше тазалауға шыққан 50-ге жуық жұмысшыға ыстық тамақ пен шәй таратты. Күннің ыстық-суығына қарамай еңбек етіп жүрген жандарға жылы сөздерін арнап, алғыс айтты.
Назерке Сапарбек, Сәтбаев қаласы әкімі аппараты баспасөз қызметі бөлімінің басшысы:
- Бұл эстафета жыл он екі айға жалғасады. Бүгінгі эстафета Сәтбаев қаласындағы жылумен, сумен қамтамасыз ету мекемесіне жолданып отыр. Эстафета жолданған мекемелер өздерінің жұмыскерлерін қандай форматта марапаттайтынын, ілтипат көрсететінін өздері шешетін болады. Жыл соңында эстафетаны қала әкімдігі қорытындылап, жыл қортындысын шығаратын болады.