Оралда кәріздік сорғы станциялары толық жаңғыртылады

Биыл Орал қаласының инженерлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасын табады, деп хабарлайды 24KZ. Сумен қамту және кәріз жүйесінде 18 миллиард теңгенің жобасын жүзеге асыру көзделген. «Сорғы станциялары реконструкцияланған соң, шаһарды сумен қамтудағы іркілістер толық жойылады», – дейді сала мамандары.

Оралдықтар үшін көктем-күзде, толассыз жаңбырда сусыз отыру – қалыпты көрініс. Өйткені әбден ескірген кәріздік сорғы станциялары аузы-мұрнынан шығып, жан-жақтан құйылған қызыл суды айдап үлгере алмайды. Амал жоқ мол судың алды кеткенше коммуналдық кәсіпорын тіршілік нәрін айыра тұруға мәжбүр. Енді бұл қиындықтар артта қалмақ. Қаладағы 6 сорғы станциясының біреуі 2023 жылы жаңартылса, №3 кәріз станциясы былтыр, №2 станция осы жыл басында толық жаңғыртылып бітті. Оған ел қазынасынан 3,9 миллиард теңге бөлініпті.

Әнуар Әркенов, коммуналдық кәсіпорын директоры:

- 3,9 миллиард теңгенің 1,5 миллиарды тек қана жабдықтарға жұмсалды. Швецияда шығарылған 6 сорғы агрегаты қойылды. Кәріз жүйесіне түскен түрлі қатты қалдықтарды, қоқыстарды уатып тазалайтын германиялық жабдықтар қойылды. Енді қандай қатты су болса да, бұл сорғы станциясы қақалмайды. Дербес генератор қойылған. Қаланың 70% кәріз суы осы станция арқылы өтеді.

Қаладағы қалған сорғы станцияларын жаңғырту келер күндердің еншісінде. Сонымен қатар Дариян жерасты су көзінен Орал қаласына дейін қосымша магистралды су құбырын салу да көзделген. Жерасты 5 ұңғыманы жаңарту да жоспарда. 

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Ақпан айының басында Астанаға бюджеттік өтініммен барамыз министрлікке. «Батыссуарнасы» бойынша тек 18 млрд-тан астам қаржы сұратайын деп тұрмыз. Бұл қазіргі таңда жүзеге асуы басталып кеткен КНС-18 нысаны бар, Зашаған кентінде КНС-29 нысаны. Одан бөлек, қаланы екі көзден сумен қамтамасыз етеміз. Біреуі – Жайық өзені, біреуі – Трекин жерасты сулары ұңғымадан келетін сулар. Ол жақтан келетін 10 шақырымнан астам су құбырлары бар. Оларды да толықтай ауыстыруға жоба жасақтап қойдық.

«Былтыр өңірде коммуналдық желілерді реконструкциялауға және жаңадан салуға 21,4 млрд теңге қарастырылған еді. Биылға жоспарланған жұмыстар одан да ауқымды», – дейді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.