Эксперимент: балалар қандай кітап оқиды?

Жас оқырмандардың қатары артып келеді. Сұранысқа сәйкес балалар әдебиеті де жыл санап жаңа туындылармен толығып, бүлдіршіндерге арнап қалам тербейтін қаламгерлер қатары көбейді. Ал біздің балалар не оқып, қандай кітапқа қызығушылық танытып жүр?

Бүгін 24KZ телеарнасының түсірілім тобы кітап дүкендерінің біріне бет алды. Онда бүлдіршіндермен жүздесіп, ұжымның атынан шығарманы сыйға тартамыз. Ең қызығы, біздің балалақайлардың таңдауы қандай туындыға түседі, бірге бақылап көреміз.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Әрбірде түрлі тұлға, кейіпкерлермен сұхбаттасып жүрміз ғой, дей тұрғанмен, бұл жолғы кейіпкерлеріміз өте ерекше. Балалармен тілдесеміз. Оңайға соқпайын деп тұр.

Айбарыс Ғабит, жас оқырман:

- Бүгін біздің кішкентай қонағымыз Айбарыс, жасың нешеде? - 6-да.

- Саған кітап оқыған ұнай ма? – Иә.

- Қандай кітаптарды оқығанды жақсы көресің? - Базарлар туралы, планета туралы.

- Соңғы оқыған кітабіңнің аты қандай? - Динозаврлар туралы.

- Саған үлкендер көп сыйлық жасай ма? - Білмеймін.

- Көбінесе қандай сыйлық аласың? - Кітап сондайлар аламын, ойыншықтар.

 - Бүгін 24KZ телеарнасы саған өзіңе ұнайтын бір кітапті сыйға тартады. Мына дүкеннен қалаған кітабыңды таңдап ал, кеттік пе? - Кеттік.

Кейіпкеріміз кітап сөрелерін аралап, керек туындысын тапқанша, оның анасын сөзге тартып көрдік.

Айымжан Мәдібекова, Айбарыстың анасы:

- Айбарыс көбіне қандай кітаптарды оқығанды жақсы көреді? - Біз үйде көбіне ғаламшар туралы, динозаврлар туралы және әртүрлі ертегілер оқимыз.

- Айбарыс табиғатынан ізденімпаз, иә, қандай кітаптарды оқуға өзіңіз кеңес бересіз? - Негізі мен кішкентай кезінен қиял-ғажайып ертегілерді оқығанды жөн көремін.

- Балалар кітап таңдағанда не нәрсені ескереді деп ойлайсыз? - Жазулары үлкен және суреттері анық болғанын қараймын.

Иә, жас оқырмандар мұқабаға, ондағы сурет пен сөзге мән береді. Мұны кітап дүкенінің сатушысы Алдияр Жұмабеков те айтып отыр.

Алдияр Жұмабеков, кітап дүкенінің сатушысы:

- Қазір қасымда кітап дүкенінің сатушысы Алдияр мырза тұр. Айтсаңыз, балалар көбінесе қандай кітаптарды сатып алғанды дұрыс көреді? - Балалар көбінесе қазір мұқабасына қарайды. Кітап ішіндегі суреттердің көп болуына қарайды. Және кітаптің сырт келбетіне.

- Яғни, Мұқабасы көбірек маңызды. Енді айтыңызшы, қай тілде кітаптар көбірек оқылады? - Қазіргі жастар 3 тілді таңдаса, көбіне ағылшын тілін таңдайды. 

- Балалар сүйіп оқитын 3 шығарманы атасаңыз. - «Менің атым қожа», «Гравити Фолз» және «Сәлем табиғат».

Айбарыс аралады, сөрелердегі туындыларды саралады. Ақыры керек кітапті тапқан болып, кілт тоқтады. Таңдағыны – Джейсон Фрайдың кітабы. Неге бұл кітапқа тоқталғанын сұрап едік, күнделікті телефонда ойнап жүрген ойыны екен.

Айбарыс Ғабит, жас оқырман:

- Айбарыс өзіне ұнайтын кітапті таңдады. Айбарыс қандай кітапті алдың? - Майнкрафт туралы.

- Аха, неге бұл кітапті алдың? - Ол ойын соңдай.

- Яғни, телефонмен бұрыннан ойнайсың, енді кітабын оқып көргің келеді. Кітап таңдаған кезде не нәрсеге назар аударасың? - Базарлық, майнкрафт мынау секілді, аниме, сондайлар.

- Байқағаным сен сыртында мұқабасында суретке қарайсың, иә? - Мхм.

Елдегі кітапханаларда 72 млн-нан аса кітап бар. Оның 8 млн-ы – балалар әдебиеті. Дей тұрғанмен, қазақ тілді шығармалар кемшіл. Ана тілімізде балаларға арналып жазылған кітаптардың саны 3 млн-нан асады.

Екінші қонағымыз – Ертөре Мұрат. Кейіпкеріміз зерек, кітап оқуға құмар болып шықты.

Ертөре Мұрат, жас оқырман:

- Бүгін бізде Ертөре есімді досымыз, Ертөре жасың нешеде? - 11-де.

- Саған қандай кітаптар оқыған ұнайды? - Маған негізі шығармашылық кітаптар ұнайды.

- Соңғы рет қандай шығарманы оқыдың? - Сайын Мұратбековтың «Қылау» деген.

- Қазір 24KZ телеарнасы саған бір кітапті сыйға тартады. Қалаған кітабіңді осы жерден таңда.

Таңдады, талдады. Басында шетелдік шығармаларды қарады. Психологиялық еңбектерді де бір шолып өтті. Ойын баласы қызылды-жасылды мұқабаларға мән беріп, комикстерді де қарап шықты.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Ертөра көп ойланып, толғанып қазақ әдебиеті классиктерінің туындыларының тұсына тоқтады. Не таңдады, сұрап көрейік

Ертөре Мұрат, жас оқырман:

- Ертөре не таңдадың? - Мен Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабін таңдадым.

- Неге? - Өйткені Бауыржан Момышұлы соғыс ардагері. 1910 жылы дүниеге келіп, 1982 жылы дүниеден озған.

- Бауыржан атаң қазақ халқында өзінің өткір ойларымен танымал. Сен оның қанатты сөздерімен таныссың ба? – «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды».

Иә, бүлдіршіндердің таңдауын білдік. Уәде еткеніміздей, ұнатқан кітабын сыйға тарттық. Ойын баласы көңіліндегі қуанышын жеткізе алмағанымен, алғысын аяусыз жаудырды.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.