Алматыда газ құбырын бүлдіргендерге қатысты тергеу басталды
Алматы полициясы Түрксіб ауданындағы жерасты газ құбырын бүлдіргендерге қатысты тергеуді бастады.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, кеше Захаров көшесінде кәріз жүйесін рұқсатсыз жүргізбекші болғандар көгілдір отын құбырын зақымдаған. Соның кесірінен 8 мыңнан аса пәтер, 2,5 мың жеке үй мен 67 әкімшілік ғимарат көгілдір отынсыз қалды. Ал тұрғындардың бір бөлігін жылумен қамтамасыз ету үшін қазандық мазутқа ауыстырылған. Ақау бүгін түстен кейін жөнделіп бітті. Мамандар жүйеге қысым сынағын жүргізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында газды әр үйге кезең-кезеңмен қосады. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар жауапқа тартылып барлық шығынды өтейтін болады.
Фархат Жаңбыров, Түрксіб ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы:
- Ең бірінші коммуналдық ұйымдардан техникалық шарт алу керек. Сол техникалық шартқа сәйкес жоба жасалады. Сол жобада барлық сол жолда орналасқан инженерлік желілердің бәрі көрсетілетін болады. Осыған орай құрылыс басқармасынан арнайы талон алынып, содан кейін құрылыс жұмыстарын жүргізу керек.