Шыршадан құлаған мұғалімге қатысты комиссия шешімі шықты

Семейде орталық алаңдағы шыршаны безендіру кезінде құлап, бас сүйегі сынған мұғалімге қатысты арнайы тексеру аяқталды.

Комиссия жазатайым оқиға жұмыс берушінің яғни мектеп директорының бұйрығын орындау барысында болғанын анықтады. Заңға сәйкес жәбірленушіге келтірілген шығынды ол өзі өтеуге міндетті. Қазір жұмысқа заңсыз тартылған ұстаз үйінде ем алып жатыр. Оның  жалақысы толық төленуде. Егер ақылы негізде медициналық қызмет алса, шығынын түгелдей жұмыс беруші өтейді.

Тоқтарбек Түсіпбаев, мемлекеттік еңбек инспекторы:

- Жұмыс берушінің кінәсі жүз процент болды. Бұл жерде жұмыскер Айтқалиевтің кінәсі жоқ. Комиссия солай шешті. Бүгінгі күні оның жазатайым жағдайға байланысты жоғалтқан еңбекақысы түгел төленіп жатыр. Емделуге кеткен шығындары толығымен өтеледі.