Қазақстанда 4117 адам ағза алмастыруға мұқтаж
Қазақстанда 4 мыңнан астам адам ағза трансплантациясына мұқтаж. Күту парағында тұрғандардың көбі бүйрек ауыстыруды қажет етеді.
Жүрек пен өкпені алмастыруға мұқтаж жандар саны жүзден асады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл мәселені мәйіттік донорлықты дамыту арқылы реттеуге болады. Бірақ әзірге біздің елде туыстық донорлықтың үлесі басым.
Қазақстанда мәйіттік донорлық 2012 жылдан бастап қарқынды дамыды. 2015 жылы 20 мәйіттік донор болды. 1 донор орта есеппен 5 адамға көмектесе алады. 2020 жылы қазақстандықтарға донор болуға келісімін беру не бас тарту мүмкіндігі берілді. Содан бері біздің азаматтар көзі тірісінде eGov порталында донорлыққа қатысты өз шешімін жазып, қалдыра алады. Оған қоса рұқсат сұралатын туысын белгілеуі шарт.
Айман Кенжебек, ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық мидициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың» қызметкерлерді оқыту және дамыту менеджері:
- 2023 жылдан және 2024 жылды алатын болсақ, соңғы жылдары өз еріктерін білдірген азаматтар саны көбейген. 2023 жылы 4950 адам болса, 2024 жылы 7 мыңға жуық адам өз еріктерін білдірген. Бұл халықтың өз көзқарасының өзгеріп жатқанының бір белгісі деп ойлаймын.
Дегенмен көзі тірісінде донор болуға келісімін беріп кетсе де егер ол өмірден өткенде пациенттің туысы рұқсат етпесе дәрігерлер ештеңе істей алмайды және мұндай жағдайлар өте жиі кездеседі.
Айдар Ситказинов, ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық мидициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының жетекшісі:
- Мәселен 2024 жылы 80 потенциалды донор болды. Бұл негізінен инсульт немесе бас сүйек ауыр жарақатымен реанимацияда жатқан, миы өлген, бірақ ағзалары донорлыққа жарамды пациенттер. Осындай сәттерде 90% жағдайда туысы мәйіттік донорлыққа келісімін бермейді. Сондықтан бізде мәйіттік донорлық көрсеткіші төмен. 2023 жылы миы өлген пациенттердің рұқсат берген 7 туысы бар. Онда 19 ағза трансплантацияланды. 2024 жылы 10 пациенттің туысы мәйіттік донорлыққа келісімін беріп, 23 орган алмастырылды.
Тимур Лесбеков, UMC Жүрек орталығы кардиохирургия кад директоры, Медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-кардиохирург:
- Орталық ашылғалы біз 98 жүрек трансплантациясын жасадық. Оның екеуі Шымкент қаласына, біреуі Алматы қаласына барып жасадық. Бұдан бөлек 20 өкпе трансплантациясын жасадық. Статистика бойынша жүрегін ауыстырған пациенттердің 65%-ті 10 жылдан астам өмір сүреді. Ал өкпе трансплантациясы өте аз жасалады және бұл жалғыз стерильді емес орган болғандықтан донорлық ағзаның науқастың денесіне бейімделіп кетуіне біраз уақыт керек. Мұндай пациенттер иммунитетті төмендететін терапиядан өтеді және бірінші кезекте бүйрек асқынады. Жүрек тарнсплантациясынан кейін алғашқы жылы пациенттердің төрттен бір бөлігі бүйрек ауруына шағымданады. Бірақ терапия аяқталған соң қалпына келеді. Екінші мәселе иммунитеті төмендегендіктен қарапайым инфекцияларға сезімтал келеді.
Қазақстанда трансплантация жасауға барлық жағдай жасалған. Әлемдік талаптарға сай келетін заң, арнайы үйлестіру орталықтары бар. Бірақ ағза алмастыру операциялардың аздығы донорлардың жетіспеушілігіне байланысты.
Айман Кенжебек, ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық мидициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың» қызметкерлерді оқыту және дамыту менеджері:
- Қазіргі таңда мәйіттік донорлық статистика бойынша 14-15% құрайды. Былай айтқанда донорлық органдардың жетіспеушілігі бұл тек Қазақстанның ғана мәселесі емес. Бұл бүкіл әлемнің мәселесі болып есептелінеді. Күту парағында тұрғандардың сандары да әртүрлі факторлармен өзгеріледі. Оның ішінде пациенттің өзінің бас тартуы. Қорқыныш болады. Әлде мәйіттік донорлықтың жетіспеушілігінен о дүниелік болып кетеді.
Донорлық органды күту парағында тұрған 4117 адамның 80% бүйрек ауыстыруға мұқтаж жандар. 140 адам жүрек, 20 адам өкпе трансплантациясын күтіп жүр. Мұндай операциялар мәйіттік донорлыққа тәуелді. Жалпы ағза ауыстыруға мұқтаж жандар қатары жыл сайын өсіп келеді. Әлем бойынша мәйіттік донорлық Испанияда жақсы дамыған, ал ТМД елдері қатарында Беларусь тәжірибесін атап өтуге болады. Онда 200-ден астам адам ағза ауыстыруға кезекте тұр. Беларуссия медициналық туризм аясында өзге мемлекеттердің пациенттерін де қабылдайды. Оның ішінде қазақстандықтар да бар.