Медицина қызметкерлерінің құқығын бұзғандарға жауапкершілік қатаңдауы мүмкін

Елде ашуға бой беріп, медицина қызметкерлеріне қол жұмсайтындардың қарасы қалыңдады.

Былтыр Қарағанды облысында медициналық қызмет бригадалары мен тұрғындар арасында 46 рет кикілжің болған. Алайда енді олардың құқығын бұзғандарға жауапкершілік қатаңдауы мүмкін. Мәжілісте қылмыстық кодекстегі медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау бойынша жаңа баптар қарастырылып жатыр. Сондай-ақ биылдан бастап оларды әлеуметтік қолдау да күшейеді.

Осыдан 1 жыл бұрын жедел жәрдем жүргізушісін әлдекімнің соққыға жыққаны әлеуметтік желіде таралып, қызу талқыланды. Оқиғаның Қарағандыда болғаны анықталды. Полицейлер жүргізушіні ұрған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғады. Негізі бұл бір ғана жағдай емес. Былтырдың өзінде осы Қарағанды облысында медициналық қызмет бригадалары мен тұрғындар арасында 46 рет кикілжің болған.

Бұдан бөлек 1 ай бұрын Қостанайда шақыртуға барған жедел жәрдем қызметкері соққыға жығылды. Ол айтылған мекенжайға барып, жүрегі шаншыған зейнеткерге шұғыл көмек көрсетеді. Алайда науқасты аман алып қалу мүмкіндігі болмаған. Марқұмның ашуға булыққан жақындары жедел жәрдем фельдшерін шаштан тартып, ұрып соғады. Ақырында 24 жастағы медицина қызметкері бас миы шайқалып, іш, бет жарақатын алып, ауруханаға түскен. Полиция бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғаған. Облыстық жедел жәрдем станциясы бөлімінің меңгерушісі

Давид Саркисяннің айтуынша бұлай жалғаса беру мүмкін емес. Медицина қызметкерлерінің құқығы қорғалуы тиіс.

Давид Саркисян, облыстық Жедел жәрдем станциясы бөлімінің меңгерушісі:

- 2025 жылдан бастап барлық жедел жәрдем бригадаларын дыбыс, және бейне жетондармен жабдықтаймыз. Барған жерінде барлық іс-әрекеттер таспаға жазылады. Бұл шиеленісті жағдайдың шемімін табуға септігін тигізеді және шақырушы адамдардың да, медициналық қызметкерлердің де тәртібіне жақсы әсер етеді деп ойлаймын.

Мұндай жайттарға қатысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеме жасады.

 Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Соңғы жылдары елде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғалары жиілеп кетті. 2019-2023 жылдары аралығында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 158 медицина қызметкері зардап шекті. 2022 жылы – 46, 2023 жылы  – 80, 2024 жылы  – 9 рет шабуыл жасалған. Осыған байланысты медицина қызметкерлерінің қызметтік борышын орындауы барысында оларға жасалған зорлық-зомбылық әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықты қатаңдату қажет. Біз медицина қызметкерлерінің қызметтік борышын орындауы барысында оларға жасалған зорлық-зомбылық әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықты енгізуге бастамашылық жасадық. Мұндай қылмыстар еркіндікті шектеуге және бүкіл қоғамның айыптауына дейінгі әділ жаза алуы тиіс.

Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары күшейеді

Денсуалық сақтау министрлігінің мәліметінше қазір Мәжілісте қылмыстық кодекстегі медицина қызметкерлеріне күш көрсету бойынша жаңа баптар қарастырылып жатыр. Жалпы бүгінгі күні елдегі ақ халатты абзал жандарға барлық жағдай жасалуда.

Бүгінде «Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жылы» бастамасы шеңберінде мамандардың деңгейін көтеретін кешенді жоспар әзірленді. Енді еңбек өтілі кемінде үш жыл болатын жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен мейірбикелер, өзге де мамандықтар бойынша білім ала алады. Сөйтіп алдағы уақытта жалақылары тиісінше өседі. Бұл мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі 12 оқу модулін әзірлеген. Оқыту бағдарламасы биыл басталады. Оған 6 мыңнан астам медицина қызметкері қатысады деп жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай қолдаулар салаға жаңа кадр тартуға әсер етеді. Сәйкесінше тиісті маман тапшылығын жояды.

Ильянур Әжғалиева, ҚР ДСМ Ғылым және адам ресурстары департаменті басқармасының басшысы:

- Ауылдық жерлерге барып жұмыс істеген мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш ретіндегі төлем қарастырылған. Сондай-ақ баспана сатып аламын деушілерге 2 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни 7 миллион теңгеден астам бюджеттік несие беріледі. Ал аудандағы орталық ауруханаларда жұмыс істейтіндерге 9 миллион теңгеден астам қаржы белгіленеді. Біро сөзбен айтқанда қазір медицина қызметкерлерін қорғау мен әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асып келеді.

Былтыр Мемлекет басшысы денсаулық сақтау мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжаттарға қол қойған еді. Ол медицина қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау жүйесін енгізуге бағытталған.