Ұлытауда «Жас орманшылар» қауымдастығы құрылды
Ұлытау ауылындағы №1 тірек мектебінің 30-ға тарта оқушысына «Жас орманшы» куәлігі салтанатты түрде табыс етілді.
Қауымдастыққа экологиялық білім деңгейі мен орман шаруашылығына қызығушылығы бар өрендер іріктелді. Оларға орманның экожүйесін сақтау, зиянкестермен күрес жүргізу секілді маңызды миссия жүктеліп отыр. Сонымен қатар ағаш тұқымынан көшет өсіріп, көгалдандыру ісіне үлес қосады.
Нұрдана Мақсұт, оқушы:
- Болашақта осы ауданымызды дамытып, оның көркеюіне зор үлес қосамыз деген ойдамын. Осы еккен ағаштарымызды баптап, өсіріп, болашақта үлкен ағашқа айналуын күтемін.
Жақсылық Махметжан, оқушы:
- Мен «Жас орманшы» тобына кіргеніме қуаныштымын. «Таза Қазақстан» акциясына қатысқанымыз – туған жеріміздің табиғатын сақтауға үлесіміз. Бұл еккен ағашымыз ертең халықтың игілігіне жарайды деп сенемін.
«Жас орманшы» қауымдастығы жобасы «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен тірек мектебі арасында жасалған меморандум аясында жүзеге асты. Қауымдастық мүшелерінің алғашқы бастамасымен дән түріндегі 200 қарағай тұқымы пластик стақанға егілді.
Ғалым Қойшыбаев «Ұлытау» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ директоры:
- Бұл жерде жаңағы кәдімгі қарағай тұқымын егу жұмыстарын жас орманшыларға үйретіп жатырмыз. Бұл іс мұнымен тоқтап қалмайды. Ертең көктем келеді. «Таза Қазақстан» акциясы әрі қарай жалғасын таба береді. Бұл ағаштар өсіп шыққаннан кейін арнайы жерлерге апарып егетін боламыз.
Аумағы 60 мың гектарға жуықтайтын «Ұлытау» ұлттық табиғи паркі 2021 жылы құрылды. Қазір мұнда жабайы аң-құстың 200-ден астам түрі мекендейді. Ағашы азайған аумақтан аң-құс қашатыны белгілі. Сол себепті мамандар болашақта орман алқабын ұлғайтуды жоспарлайды. Биылдың өзінде 20 гектар жерге жиде ағашы егілді. Жас орманшылар баптаған қарағай көшеттері де осында жайқалып тұрмақ.