Жұмысшы мамандықтар жылы: іс-шаралар жеті бағытты қамтиды
Жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру маңызды.
Осы орайда биыл елде 7 негізгі бағытты қамтитын іс-шаралар жоспарланған. Олардың бірқатары республикалық комиссия отырысында талқыланды. Атап айтсақ, маман даярлау жүйесін жетілдіру, оқушыларға кәсіптік бағдар беру, жұмыс берушілерді ортақ іске қатыстыру секілді бастамалар бар. Ал келер айдан бастап ел аумағында еңбек адамдарын ұлықтайтын 12 ірі республикалық және халықаралық іс-шара өткізілмек. Алғашқысы «EXPO» көрме орталығында өткізілетін «Жұмысшы мамандықтары қаласы» атты фестиваль. 5 күндік іс-шара аясында болашақ мамандықтар, инновациялық технологиялар мен жұмысшы мамандықтардың әлеуетін паш ету көзделген. Вице-прьемер Тамара Дүйсенова бұл іске мемлекеттік органдар, жергілікті әкімдіктер, кәсіпорындар мен оқу орындары атсалысуы қажет деді. Әрі жұмысшы мамандардың беделін арттыру тек бір жылмен шектелмейтінін, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.