Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылады

 

Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің Бірыңғай тізілімі іске қосылады.

Жаңа жүйе қолданыстағы СТ-KZ сертификаты мен индустриялық сертификатты алмастырады. Бұл өзгеріс кәсіпкерлер үшін  шығындарды азайтпақ. Тізілімде республикада өндірілетін тауарлар, оларды өндірушілер, қызмет түрлері, жұмысшылар саны мен өндіріс көлемі туралы толық ақпарат болады. Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

«Тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі барлық рәсімдерді жеңілдетіп, кәсіпті заманауи деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Жаңа жүйе қазақстандық кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдауды барынша қолжетімді етеді», - дейді жаңашылдыққа жауапты мамандар.

Айдар Қожахметов, «Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бізде қазіргі таңда көптеген тізілімдер бар. ҰКП Атамекеннің тізілімі, индустриалды сертификаттар, СT-KZ сертификаттары, туарға, өндірушілерге берілетін сертифткаттар, сосын Самұрық Қазынада бөлек сертификаттар бар, сосын экспортқа жіберу үшін Сауда және интеграция министрлігінен берілетін сертификаттардың бәрі біріктіліп, бірыңғай тізілім болатын есептеліп отыр. Бұл жерде ең негізгі артықшылығы әр кәсіпорын бойынша егжей-тегжейлі ақпарат жиналып, саралайтын болады.

Бұрын сертификаттарды Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы беріп келді. Енді бұл жұмыс мемлекеттік бақылауға өтіп, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құзіретіне берілді. Айта кету керек тауар өндіруші Мемлекеттік сатып алуларға да осы бірыңғай тізілімге енгеннен кейін ғана қатыса алады.

Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тауар өндірушілер тізімін жасаған кезде тауар өндірушілер бірыңғай информациялық жүйе арқылы өз құжаттарын тапсырады. Видеокамераларын қосып, өзінің өндірісін көрсетуге келісімін береді. Оның барлығы верификация дейміз. ҚР информациялық базалар арқасында скоринг жүргізіледі. Скоринг дегеніміз тексеру жүргізіледі. Бұның барлығы тегін.

Жаңа ережелер бойынша тауар өндірушілердің өтініштері оларды тапсырған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаралады. Өтініш берушіге хабарлама жеке кабинет арқылы жіберіледі. Егер бейнемазмұн жеткіліксіз болса, мамандар өндіріс орнын барып тексереді. Өтініштер ең көбі – 15  күн қаралады. Тексерістен өтіп, тізілімге енген кәсіпкер отандық өндіруші статусын және мемлекеттік қолдау тетіктерін кедергісіз пайдалануға мүмкіндік алады.

Әсел Даңғылова, Өңдеу өнеркәсібі одағы ЗТБ атқарушы директоры:  

- Біздің еліміз үшін бұл өте маңызды. Бұл шикізатты емес, жоғары қосылған құны бар өнімді сату керектігін көрсетеді және бұл өндірісті дамыту дегенді көздейді. Сондықтан мұндай өзгерістер жалпы ел экономикасы үшін өндірушілер көп болуы үшін қажет. Бәсекелестік принциптері бұзылмаған кезде және шетелдік тауарларды отандық өнім деп көрсететін кәсіпкерлер болмаса ғана елдегі өндіріс дамиды.

«Ал тауар өндірушілердің ашық тізімі осы олқылықтарды жойып, жалған отандық кәсіпкерлердің жолын кеседі», - дейді «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының өкілі.

Айдар Қожахметов, «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл ең біріншіден қандай мәселені шешеді. Бұл жерде бюрократияны азайту ең біріншісі, екіншіден жауапкершілік мемлекеттік қызметкерлердің мойнында болады. Әр қосылған кәсіпорынға мемлекет жауап беретін болады. Шынайы ол кәсіпорын болып есептеле ме, өнім шығара ма, шығармай ма? сол мәселелерді шешетін болады.

Бұл өзгерістер импортты тежеп, өңдеу өнеркәсібінде отандық өнім үлесін арттыру мақсатында ұсынылды. Осы тақырыпта жұмыс тобының 10-нан астам отырысы және Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысы өткізілді. Заң жобасы ертең Парламент Мәжілісінде жан-жақты талқыланады.