Көлікті 5 минуттан артық қыздыруға тыйым салатын норма қайта қаралуы мүмкін
«Көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынады». Иә, әлеуметтік желідегі осындай жазба көпшіліктің наразылығын тудырды.
Дегенмен таң қалатын ештеңесі жоқ. «Себебі бұл бұрыннан бар норма», - дейді мамандар. Айтқандай жуырда ғана петропавлдық азамат, автокөлігін 5 минуттан көбірек қыздырамын деп, айыппұл арқалады. Ал бұл фактіні көршісі байқап, полицияға хабарласқан. Сонымен көпшіліктің наразылығын тудырған бұл заң өзгереді ме, жоқ па?
Автокөлігін 5 минуттан артық қыздырып, айыппұл арқалағандардың бірі – Алтынбек Әлбеков. Ол Петропавл қаласында тұрады. Көлігін қашықтан автоматты түрде оталдырып, белгіленген уақытта ешқандай әрекет жасамаған соң әкімшілік жауапқа тартылды. Себебі машинаның қозғалыссыз оталып тұрғанын көршісі видеоға түсіріп, полицияға шағымданған. Ал өзі мұндай норманың бар екенін де білмеген.
Алтынбек Әлбеков, қала тұрғыны:
- Міне, 11 қаңтарда полицияның толтырған хаттамасы осы. Ол күні үйімнен шықпас бұрын қашықтан көлігімді оталдырып алайын деп шештім. Арада 10 минут өткен соң тәртіп сақшылары хабарласты. Айтуларынша көршілерім «102» пультіне үстімнен шағым түсірген. Сөйтіп полиция қызметкерлері маған 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Негізі бұл заңды қайта қарау қажет деп есептеймін. Себебі ол біздің климаттық жағдайға сай келмейді.
Расында, бұл норма солтүстік өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ескермейді. Әсіресе ауа температурасы 40 градусқа төмендегенде, автокөлікті 5 минуттың ішінде қыздырып алу мүмкін емес. Сала мамандары осылай деп отыр.
Олег Ширинов, автомеханик:
- Оңтүстік пен солтүстікті салыстыруға болмайды. Екеуінің ауа температуралары әр мезгілде әртүрлі болып келеді. Егер солтүстікте қыс қаһарына мінсе, онда 5 минутта көлікті қыздыру мүмкін емес. Себебі көлікке зақым келуі ықтимал. Кейбір жүргізушіде ескі, ал кейбірінде жаңа автокөлік болады. Сәйкесінше олардың техникалық параметрлері бір-біріне ұқсамайды. Ал жалпы темір тұлпарды жақсылап қыздыру үшін кемінде 15-20 минут қажет.
Әділет министрлігі өз кезегінде көлікті 5 минуттан артық қыздыруға тыйым салатын норманы қайта қарауға дайын. Бұл туралы ведомствоның вице-министрі Ботагөз Жақселекова хабарлады. Алайда қазір тиісті депутаттық сауалдың жолдануы күтіліп отыр. Егер жолданса, онда арнайы комиссия Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізу барысын қарастыратын болады.
Ботагөз Жақселекова, ҚР Әділет вице-министрі:
- Арнайы комиссияның құрамына мүдделі мемлекеттік органдар ғана емес, Парламент депутаттары мен ғылыми қауымдастық та кіреді. Өйткені барлық тарап барынша қамтылуы тиіс. Егер осы орайда тиісті депутаттық сауал болса, бұл мәселе көтеріліп, сәйкесінше талқыланатын болады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше негізі мұндай норма 20 жылдан бері бар екен. Қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған автокөлік орнында 5 минуттан артық тұрып, өзгелерге қолайсыздық тудырса, ол заң бұзушылық болып саналады. Алғаш рет заң бұзғандар 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 19 660 теңге айыппұл арқалайды. Ал бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі 39 320 теңге болады.