Ақмола облысында 6 мыңнан астам жанұя баспаналы болды

Ақмола облысында рекордтық көлемде тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңірде өткен жылы 6 300 отбасы жаңа баспананың кілтіне ие болды.

Көп жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған азаматтар үшін өңірде 28 көпқабатты тұрғын үй салынды. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 641 пәтер республикалық бюджет есебінен сатып алынды. Өңірде сонымен қатар ескі үйлерді сүру мен тұрғындарды жаңа баспанаға көшіру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Соның арқасында 50 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Жалпы өткен жылы Ақмола облысында 661 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл аймақта тағы 24 көппәтерлі үйдің құрылысы аяқталады.