Алматыда 180 адамды қажылыққа апарамын деп алдап соққан күдікті ұсталды

Алматы полициясы 180 адамды қажылыққа апарамын деп алдап соққан күдіктіні қамауға алды.

Алаяқтық жасады деп айыпталған азамат Алматы облысының тумасы болып шықты. Алданғандардың арасында өзге облыстардың тұрғындары да бар. Олардың алды 18 қаңтарда Алматы арқылы Меккеге ұшып кетуі тиіс болған. Күдікті өзге өңірлерден келген адамдарды уақытша қонақ үйге жайғастырып, мәселені шешемін деген. Бірақ бұл уәдесін орындамаған. Ашуланған адамдар түнде Әуезов аудандық полициясына арыз жазды. Шағымданушылардың айтуынша әр адам күдіктіге 450-500 мың теңгеден жинап берген. Ал полицияның мәліметінше ол өзін туристік фирманың басшысы ретінде таныстырып, умраға қажылыққа жөнелту бойынша қызмет көрсететін жалған келісімшарттар жасаған. Алдын ала мәлімет бойынша күдіктіге кемінде төрт адам көмектескені белгілі болды. Әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі.