Ақмола облысының құтқарушысы «Жақсы адам - 2024» марапатына ие болды

Ақмола облысында құтқарушы Аят Сералиев «Жақсы адам - 2024» сыйлығына ие болды. Ол көктемгі су тасқыны кезінде өз өмірін қатерге тігіп, Астрахан ауданындағы Ескі Қалқұтан ауылының 30-дан астам тұрғынын эвакуациялады. Қазір Аят Сералиев аудандық Төтенше жағдайлар бөлімін басқарады.

Көктемгі су тасқыны кезінде Астрахан ауылында күрделі жағдай қалыптасқан еді. Алайда құтқарушылар  ұйымшылдық танытты. Соның арқасында су басу қаупі төмендеп, шығын көлемі айтарлықтай азайды. Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Аят Сералиевтың жетекшілігімен  Ескі Қалқұтан ауылынан ондаған адам эвакуацияланды. Ол сонымен қатар көлік қатынасы  үзілген елдімекендерге азық-түлік жеткізуді   ұйымдастырды. Құтқарушының сол еңбегі елеусіз қалмады. Жуырда Аят Сералиев «Жақсы адам - 2024» жүлдесімен марапатталды.

Аят Сералиев, Астрахан ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

- Бұл менің ғана марапатым емес. Бұл уақытпен санаспай тәулік бойы  жанымнан табылған жеке құрамның марапаты. Мен сияқты олар да алғашқы күндері ұйқы көрген жоқ. Біз үш күндей ұйықтамадық. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, сорғымен үй аулаларына жиналған суды тартып шығардық. Мұның бәрі ұжымдағы бірлікке байланысты. Біздің гарнизон тату отбасы сияқты

Төтенше жағдайлар саласындағы қызметін Аят 2013 жылы бастады. Осы уақыт аралығында талай адамды от пен судан аман алып қалды. Құтқарушылар  қызмет барысында өз өмірін қауіп-қатерге тігеді. Өйткені бірінші кезекте оқыс жағдайға тап болған адамға көмек қолын созу міндеті тұрады.

Аят Сералиев, Астрахан ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

- Адам өмірін құтқарудан асқан бақыт жоқ. Әрине жұмыс үстінде оны ұмытып кетесің. Бірақ араға уақыт салып, құтқарылған адамдар келіп алғыс айтып жатады. Біздің қызметімізге олар құрметпен қарайды.

Аят Сералиев басшылық ететін  құтқару гарнизоны әркез алдыңғы шептен көрінеді. Қыс айларында тұрғын үй секторында болатын өрттерге жиі шығады. Боран мен аязды күндері автокөлік жолдарында кезекшілік атқарады. Әріптестері Аят Сералиевтің жоғары кәсіби біліктілігі мен  жұмысты ұйымдастыру қабілетін жоғары бағалайды. Осының арқасында   құтқару жұмыстары  сәтті аяқталады.  

Тілеужан Жетпісов, Астрахан ауданы Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы:

- Аят  Бейбітұлымен үш жыл бірге жұмыс істеп келемін. Көптеген апаттық-құтқару жұмыстарына, өрт сөндіруге бардық. Былтыр қатты борандар болды. Төтенше жағдайларды жоюға атсалыстық. Бірлескен жұмыс нәтижесінде төрт адамды қауіпсіз жерге жеткіздік

Аят Сералиев қазір  өзі басшылық ететін өрт сөндіру бөлімін жаңғыртумен айналысып жүр. Осылайша қарамағындағы қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсартуға күш салмақ. Астрахандағы горнизонда жалпы саны 30 құтқарушы еңбек етеді.