ҚР АШМ картоп бағасының күрт өсу себебін түсіндірді

Елде картоп бағасы күрт қымбаттап, соңғы күндері келісі 400 теңгеден асып жығылған еді. Әлеуметтік маңызы бар өнім құнының шарықтауына не себеп?

Ауыл шаруашылығы вице-министрі елдегі картоп бағасының күрт өсуінің себебін түсіндірді. Ербол Тасжүреков жаңажылдық демалыс күндеріне орай кейбір қойма жұмыс істемей, нарықтағы картоп көлемі азайғанын және осыны пысықай делдалдар өз пайдасына асырғанын жеткізді. Алыпсатарлар бағаны аспандатып жіберген. Вице-министр ауыл шаруашылығы өндірушілері ұсынған баға мен дүкендер мен сауда желілеріндегі бағаның едәуір айырмашылығы барын айтты. Қазір осындай делдалдарды анықтау жұмыстары күшейді.

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Қазір бізде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін баға – 190-220 теңге. 2023 жылы егін жинау кезінде картоптың бағасы 65 теңге болса, биыл 85 теңге болғанын ескеру керек. Тұрақтандыру қорлары егін жинау науқанынан кейін картопты 90-100 теңгеден сатып алды. Бағаның қалыптасуы осыдан.

Вице-министр картоп бағасын жөн-жосықсыз құбылтып, тіпті қолдан дефицит тудыртып отырған делдардарға шара қолданылатынын жеткізді. Айтуынша, кеше өзі де сауда желісінің біріне бас сұққан.

Елордадағы ірі сауда желілеріндегі баға министрлк өкілі баяндаған бағадан алшақ. Бірінде картоп құны 349 теңгеге шарықтаса, екіншісінде 280 теңгеден саудаланып жатыр. Оның өзінде қалаған мөлшерде алуға болмайды, шектеу қойылған. Бірінші сұрыпты қазақстандық картоп бір адамға 5 келіден артық сатылмайды.

Блиц 1:

- Соңғы рет алғанда 460 болды. Күнделікті қоспаймын енді. Анда-санда енді болады, жейміз.

Блиц 2:

- Қанша бағада сатып алдыңыз?

- 350-300дің арасында.

Блиц 3:

-Енді аграрлы мемлекетте тұрып картошканың бағасы қымбаттап кетті деген кішкене... Бірақ түсетін сияқты, бұйыртса.

Блиц 4:

- Ауыр тиіп жатыр қалтамызға, дұрыс емес, халыққа қиын.

Ал картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы Байжан Уалхановтың айтуынша, делдалдар өндірушілерден картопты 240 теңгеден сатып алып, үстіне тағы қосады. Өйткені оларды ешкім бақыламайды. Сондықтан сөредегі картопың құны халыққа жеткенше екі-үш есе қымбаттайды.

Байжан Уәлханов, ҚР Картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы:

- Әрине, біз дүкендерде бүгін көріп отырған бағамыз 400 теңгеден астам. Бұл енді біздің картоп өндірушілеріміз жіберіп отырған бағадан 2,5 есе көп. Негізгі өндірушілеріміз бізде солтүстік аймақтарымызда ғой. Картоп өндірушілердің орташа бағасы 120 теңге болатын. Бір киллограммға.

Мамандардың айтуынша, бұл мәселеге сауда және интеграция министрлігі араласу керек. Сонда ғана бағаның шарықтауы тоқтап, проблема шешімін табады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Рухани Абдрахман