Қызылордадағы «Қорқыт ата» әуежайы рейс санын көбейтеді
Қызылордада былтыр іске қосылған «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы жылына 2 млн жолаушыға қызмет көрсете алады, деп хабарлайды 24kz.
Бүгінде Қызылордадан Астана мен Алматы қаласына аптасына 27 рейс орындалуда. «Бұл қатарға Атырау, Ақтөбе, Қарағанды мен Көкшетауды қосу көзделіп отыр», - дейді мамандар. Сонымен қатар жазда Қызылорда – Анталия әуе бағытын ашу жоспарланған. Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асып отыр. Терминал құрылысына 21 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Жәнібек Сыздықов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Әуежайымыз халықаралық әуе көлігі қауымдастығының және халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттарына толық сәйкес. Құрал-жабдықтар бойынша барлығы Еуропа елдерінен келді десек болады. Қазір екі телескопиялық траппен қамтамасыз етілген. Жолаушылардың қауіпсіз және сапалы жүріп-тұруына толық жағдай жасалған.