Алматыда қалың қардан кептеліс көрсеткіші 10 баллға жетті

Алматыда жауған қалың қар көшедегі қозғалысты қиындатып, кептелістің көрсеткіші 10 баллға жетті, деп хабарлайды 24kz.

Такси қызметіне сұраныс артып, баға аспандап шыға келді. Таксидің орташа құны 8 мың теңгеге жетті. Жағдайға байланысты қаланың коммуналдық қызметі тәулік бойы жұмыс режиміне көшті. Сонымен қатар Алматы халықаралық әуежайының өндірістік қызметі жұмысты күшейткенін хабарлады. Ұшу-қону алаңдарын мұз қатуға қарсы өңдеу үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бірақ соған қарамастан бірқатар рейстер кешіктірілді. Сондықтан жолаушыларға әуежайға шықпас бұрын ұшу уақытын нақтылау керектігі ескертілді. «Қазгидрометтің» мәліметінше, алдағы тәуліктерде ауа температурасы 20 градусқа дейін суытады.

Бейбіт Шаханов, қала әкімінің орынбасары:

- Ең алдымен қар жиналғаннан кейін магистральді және орталық көшелерде қар шығару басталады. Одан кейін оған «Алматы тазалық» жауапты болады. Ал аудандар мен аулаларда аудандық әкімдіктер жұмыс жасайды.