Биыл ШҚО-да екі әуежай салынады
Биыл Шығыс Қазақстан облысында екі әуежайдың құрылысы басталады, деп хабарлайды 24kz.
Бірі көпшілікті тылсым табиғатымен тамсандырған Қатонқарағайда бой көтерсе, екіншісі қойнауы шежіреге толы Зайсан ауданында пайда болады. Әзірге Қатонқарағайдағы нысанның орнын зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Зайсандағы жоба бойынша мамандар сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірісіп кетті. Стратегиялық маңызға ие қос әуе қақпасын салуға 40 млрд-қа жуық теңге жұмсалуы мүмкін. Сарапшылар кететін шығын аз уақытта ақталады деген үмітте. Себебі әуе жолы барыс-келісті жеңілдетіп, туристер ағынын көбейтеді.
Ардақ Мәдиев, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
- Өткен жылы біздің өлкемізге 370 мың турист келді. Бұл жаман көрсеткіш емес. Алдағы жылдары осы межені бірнеше есеге көбейтсек деген жоспарымыз бар. Ал ол мақсатқа жету үшін әуежайлардың алатын орны ерекше болмақ.