«Алтын-Емел» ұлттық паркі жаңа 40 техникамен толықты
Жетісу облысындағы «Алтын-Емел» ұлттық паркі жаңа 40 техникамен толықты, деп хабарлайды 24kz.
Ерекше қорғалатын аумақ қызметкерлеріне жол талғамайтын, өрт сөндіретін көліктермен қоса, мотоцикл мен квадрациклдар берілді. Жаңа көліктерге қол жеткізген парк басшылығы енді жабайы жануарларды қорғау жұмыстарын күшейтпек.
Мұрат Иманғалиұлы «Алтын-Емел» ұлттық паркінде 25 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Басши» орманшылығының бастығы қарамағындағы қызметкерлермен бірге 100 мың гектарға жауапты. Қорғайтын аумағының ауқымына қарай оған су жаңа көліктің бірі сеніп тапсырылды.
Мұрат Иманғалиұлы, «Басши» орманшылығының басшысы:
- Осыған дейін үш УАЗ ауыстырдым. Төртінші көлігім мынау. Қазіргі жағдайымыз жақсы. Осы көліктің арқасында. Мұздап, далада қалу деген жоқ. Көлік сыну деген жоқ.
Ұлттық паркте 80 мемлекеттік инспектор жұмыс істейді. Олар өткен жылы 265 рет, биылдың өзінде бірнеше мәрте рейд ұйымдастырды.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- «Алтын-Емел» ұлттық паркінің аумағы 307 мың гектардан асады. Ерекше қорғалатын аймақ 29 кардонға бөлінген. Ондағы аң-құстың атылмауын, табиғаттың бүлінбеуін қадағалау үшін мемлекеттік инспекторларға әртүрлі арнайы көліктермен жұмыс істеуге тура келеді.
Алыңғы жылы Іле өзенінің бойын қаулай өскен қамыс өртенген болатын. Енді ондай жағдай қайталанса парк қызметкерлері сақадай-сай тұрады. Себебі оларға су шашатын құрылғысы бар қайық, үш үлкен және жеті шағын өрт сөндіру кешені берілді. Он адам тұрақты жұмысқа қабылданып, арнайы станция ашылды.
Мұрат Құрбанқұлов, «Алтын-Емел» МҰТП Өрт сөндіру станциясының басшысы:
- Бұрынғы кезде өте қиын болған. Екі-ақ машина болған. Біреуі ескі, біреуі жыртылай жүрілген машина болған. Қазір Құдайға шүкір, жақсы бәрі жаңа. Күн болса да, түн болса да, бәрі дайын өрт сөндіруге.
Ұлттық парк басшылығы «Техниканың 90%-і жаңартылды», - деп отыр. Көптен бергі көкейкесті проблемасы шешілген олар енді қорғау шараларын күшейтпек.
Қуат Байтұрбаев, «Алтын-Емел» МҰТП бас директоры:
- Биыл бес кардон салсақ па деген ойымыз бар. Сол кардондарды салсақ, мен өзім ойлаймын, заңсыз кіретін жерлер бар. Сол жаққа біз қойсақ, бар аймақты бақылауға ұстаймыз ба деп ойлаймыз. Бақылауға ұстағаннан кейін нәтиже береді.
Техникасы түгенделген ұлттық парк қызметкерлері ендігі жерде ерекше қорғалатын аумақты тұтастай жылдам шолып шығып, аймақты мекендейтін жабайы жануарлардың санын анықтайды. Мамандар қазірдің өзінде аң-құстың көбейіп, қарақұйрық саны алты мыңнан асқанын айтып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын