Қостанай облысында ауыл шаруашылығы техникасының жартысы ескі
Қостанай облысында қолдағы трактор, комбайндардың жартысынан астамы ескі, деп хабарлайды 24KZ. Енді соларды түгендеп, хаттап шығу міндеті тұр. Былтыр Қостанайда ауыл шаруашылық техникасын халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы есепке алудың пилоттық жобасы енгізілді. «Бірақ жаңа жүйе әлі дұрыс жетілмеген», – дейді мамандар.
Қостанай облысында 28 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы бар. Соның жартысынан астамының пайдалану мерзімі ширек ғасырдан асып кетті. Жаңасын алуға шаруашылықтардың көбісінің шама-шарқы жете бермейді. Бар үміт тек мемлекеттік субсидияда. Бірақ оның төлемі де созбаққа салынып кетті.
Таңатар Ахметов, шаруа:
- Біз былтырғы жылы жаңадан техника алдық. Енді осы уақытқа дейін субсидиясын алғанымыз жоқ. Өйткені келісімшарт бәрі жасалды, бірақ «ақша жоқ», – деп бермей отыр. Біз комбайн алдық былтыр жаңадан. 20 миллион 400 мың алу керек. Негізі сол субсидияға үміт артқанбыз. Бірақ болмай қалып тұр ғой. Екінші жылға кетті.
Негізінен техника жаңартып жатқан ірі шаруашылықтар. Мысалы, Карл Маркс серіктестігі былтыр машина паркін 4 комбайн, 4 трактор және қажетті агрегаттармен толықтырған. Ескілерін де қараусыз қалдырмай, құрап, жинап, кәдеге жаратады.
Кирилл Шипилов, механизатор:
- Мынау тракторға 40 жыл болған. Қазір қалпына келтіріп жатырмыз. Қозғалтқышын, жүріс бөлігін, кабинасын – бәрін өзіміз жасаймыз. Кейбір керек-жарақтарды қаладан алдыртамыз. Істеп шығарсақ, әлі 40 жыл қызмет етеді.
Алдағы үш жылда облыстағы трактор, комбайндарды түгендеп шығу міндеті тұр. Былтыр тамыз айынан Қостанайда ауыл шаруашылығы техникасын халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы есепке алудың пилоттық жүйесі енгізілді. Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл техниканы тіркеу рәсімін жеңілдетіп, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін арттырады. Бірақ жаңа жүйе әлі дұрыс жетілдірілмеген. Халыққа қызмет көрсету орталығында үш адам ғана техникасын тіркеткен.
Жасұлан Бексұлтанов, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:
- Мемлекеттік корпорацияға барған адам талон алып, кезек күтуге мәжбүр. Ол қызмет түрі автоматтандырылса, үйден шықпай-ақ электронды өтініш беруге болар еді. Инженер инспекторларды мазалайтын тағы бір сұрақ, корпорацияға өтініш бергеннен кейін мемлекеттік органдарды да жағалауға тура келеді. Осының бәрін оңтайландырып, «бір терезе» қағидатына келтіру керек.
Техниканы есепке алудың пилоттық жобасының нәтижесі жайлы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан білгіміз келген еді. Бірақ олар қандай да бір түсінік беруден бас тартты.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.