Сенатор: Жеке орман шаруашылығына қолдау көрсету қажет
Жеке орман шаруашылығына қолдау көрсету қажет. Сенат депутаты Амангелді Төлемісов осылай деп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Сенатор орман қорын мемлекеттік деңгейде қалпына келтіру шаралары әлі де жеткіліксіз деп отыр. Қазір қауіп-қатерді назарға ала отырып, жеке ағаш өсірушілер үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Бұл тұста Үкіметке жеке орман шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жол картасын әзірлеуді тапсыруды ұсынды. Бұл елімізге 2030 жылға дейін орман алқаптарын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуға септігін тигізеді.
Амангелді Төлемісов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жеке орман шаруашылығы орман алқаптарын ұлғайтуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған біздің күш-жігеріміздің маңызды элементі бола алады және болуға тиіс. Бұл сектор еліміздің экологиялық дамуына және ресурстарды қалпына келтіруге қомақты инвестиция көзі бола алады. Алайда Қазақстанда жеке орман шаруашылығы бірқатар жүйелі мәселелерге тап болып отыр.