Мемлекеттік қызметте ЖИ пайдаланылуы мүмкін

Мемлекеттік қызметте жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылуы мүмкін.

Адам ресурстарын басқаруға қатысты тың бастамалар Сингапурде өткен мемлекеттік басқару көшбасшыларының жаһандық форумында талқыланды. Осы саладағы Канада, Ұлыбритания,  Эстония, Молдова, Моңғолия елдерінің өкілдері бас қосқан жиынға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай да қатысты. Панельдік сессияда сөз алған агенттік басшысы саланы толыққанды стратегиялық HR институтқа айналдыру бойынша Мемлекет басшысы алға қойған міндетті жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мемлекеттік қызмет саласында кадрларды іріктеудің цифрлық жүйесін енгізу, таланттарды тарту, мемлекеттік қызметтің гибридтік моделін қалыптастыру сынды отандық тәжірибемен бөлісті. Агенттік басшысы Ұлыбритания, Эстония, Моңғолия елдерінен келген шетелдік әріптестерімен кездесулер өткізіп, мемлекеттік қызмет саласында өзара тәжірибе алмасу бойынша келісімге келді. Сапар аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Сингапур Ұлттық университеті өзара меморандумға қол қойды. Маңызды құжат мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша семинарлар ұйымдастыру, оларды Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебінің оқу бағдарламалары бойынша оқытуды көздейді.