Рудныйда қаңырап тұрған екі тұрғын үй қалыпқа келтіріліп, 120 отбасы баспаналы болды

Қостанай облысының Рудный қаласында қаңырап қалған көп қабатты екі үй қайтадан қалпына келтірілді.

Соның арқасында 120 отбасы баспаналы болды. Ұзақ уақыт бос тұрған ғимараттар бір жылдың ішінде ине-жіптен енді шыққандай жаңа кейіпке енді.

Соңғы екі жылдың ішінде Рудныйда иесіз қалған көп қабатты 11 үй қалпына келтірілді. Нәтижесінде 500-ден астам пәтер пайдалануға берілді. Биыл тағы екі көп қабатты үй ел игілігіне тапсырылды. Оған негізінен кезекте тұрғандар, көп балалы отбасылар,мүгедек жандар қоныстанды. 

Пәтер кілтіне ие болғандардың бірі - төрт баланың анасы Әсия Асылхан. Осы уақытқа дейін баспана жалдап келген отанасы үшін бұл ерекше қуаныш.

Әсия Асылхан, Рудный қаласының тұрғыны:

- Очередьте тұрғанымызға үш жарым жыл болды. Осы уақытқа дейін көп жылжымай тұрған очередь. Енді бүгін біз квартира алып жатырмыз. Барлықтарыңызға осындай қуаныш бұйырсын.

Қайта жаңғыртылған үйлерді «бір жыл бұрын қаңырап жатыр еді» десе сену қиын. Жайлы,жылы, бәрі жарқырап тұр. 

Әділ Сәкенов, құрылыс компаниясының директоры:

- Ескі ғимараттарды қайтадан қалпына келтіру аса бір ыждаһаттылықты, жауапкершілікті қажет етеді. Көп күш жұмсауға тура келді. Құрылыс материалдарының сапасына мән бердік. Менің ойымша, тұрғындар тарапынан шағым болмауы тиіс.

Қоныстанушыларды құттықтауға келген облыс әкімі, әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды, кезекте тұрғандарды барынша баспанамен қамту жұмысы жалғасын табатындығын айтты.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Президенттің тапсырмасына сай, былтырдың өзінде 940 пәтер берілді кезекте тұрған азаматтарға ардагерлерімізге,көп балалы аналарымызға, мүгедек азаматтарға. 2023 жылмен салыстырсақ 5,7 есеге көп. Едәуір. Енді биылда бұл бағдарлама жалғасып жатыр. Бір мың пәтер көлемінде беріледі деп соған дайындалып жатырмыз. 

Қазір Рудныйда 4276 адам пәтер кезегінде тұр. Биыл кеншілер қаласында тағы көпқабатты екі үй қалпына келтіріліп, жаңа 3 үй салынатындығын ескерсек, бұл кезектің біршама қысқаратындығы анық.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг