Алматыда 24 мың текше метр қар ерітілді

Алматыдағы алғашқы қар еріту пункті 24 мың текше метрден аса қарды ерітті.

Экологиялық технология «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында іске қосылған болатын. Қала көшелерінен жиналған қар алдымен арнайы құрылымға төгіліп, кәріз желісі арқылы келетін сулардың жылуымен ерітіледі. Содан кейін тас пен құмнан тазартылып, сүзгіден өтіп, кәріз тораптарына жіберіледі. Бір тәулікте пункт 1200 текше метр қарды ерітуге қауқарлы. Бұл әдіс қарды қала сыртына шығаруға кететін уақыт пен шығынды азайтады. Әрі ақ ұлпаны табиғи жолмен жоюға мүмкіндік береді. Жаңа пунктің жұмысымен жол институтының студенттері де танысты. Болашақ мамандар қарды еріту процесін бақылады.

Бекежан Алмырза, Алматы қ. коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Кеше ақ ұлпаның қалың түсуіне байланысты жүктеме де көбейді. Қар жауған сәттен бастап қала көшелерінен 9600 текше метр қар шығарылды. Алдағы уақытта қаланы тиімді тазарту мақсатында 3-4 қар еріту пунктін ашу жоспарлануда.