Ақтөбеде жылы аялдамалар жетіспейді

Қаңтардың қақаған суығы жан мен малды қаңтарып қояды, деп хабарлайды 24kz.

Сондықтан осындай суықта автобуспен жүретін жұртқа жылы аялдама керек. Ал Ақтөбеде жылы аялдамалар жетіспейді.

Облыс орталығындағы 800-ден астам қоғамдық көлік аялдайтын орынның небәрі 21-і жылытылады. Қазір әбден ескірген аялдамалар жаңартылып жатыр. «Бірақ олардың да қыстың үскірік аязы мен жаздың аптап ыстығынан қорғай алатыны екіталай», - деп отыр тұрғындар.

Шаһардың эстетикалық сәулетіне үлес қосар нысандар қала көшелерінде күздің соңында пайда бола бастады. Әр жерге қойылған әйнек аялдамалар Ақтөбенің күн райына сай еместігін тұрғындар әлеуметтік желіде жарыса жазған.

Блиц 1:

- Аяз. Мына күннің тұрысы мынау. Жылы аялдама болса. Шамалы жылынатын. Бәріміз қатып тұрмыз. Отырғыштары мұздай. Отыра да алмаймыз.

Блиц 2:

- Жылы аялдама болғаны дұрыс. Халыққа қажетті нәрселерді дасау керек қой. Сондай талап етеміз біздер. Салқын мынадай уақытта.

Блиц 3:

- Ақтөбеде мұндай 56 аялдама бар. Әрқайсысы шамамен 2,5 млн теңге тұрады. Билік өкілдері қаңқасы темір, вандалдар қирата алмайтын берік әйнектен жасалған, -деп отыр. Жаздың аптап ыстығында көлеңке іздеген жолаушылар күйіп кетпес үшін қосымша көлегейленеді. Үлгі ретінде Астана көшелеріндегі аялдамаларды алған.

Бақтияр Төреш, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Ауа райы ұқсас қой Астана қаласы мен Ақтөбенің. Салқын барлығы. Сол себепті сол Астана қаласынан дизайндарын көшіріп алып, тек түстерін өзгертіп жібердік. Атауы да айтып тұр ғой, «остановочный пункт», деп. Бұл деген бораннан қорғамайды. Бұл тек жаңбырдан, қардан қорғауы мүмкін. Желден де қорғайды.

Бұл уәжбен тұрғындар келіспейді. «Қоғамдық көлік тоқтайтын орындарда жанға жайлы жылы аялдамалар болғаны абзал», - дейді. Облыс орталығында мұндай 21 павильон бар.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Бұл ғимараттар жеке кәсіп иелеріне тиесілі. Бизнес өкілдері жол бойындағы жер телімін 20 жылға жалға ала отыра, аялдаманы таза ұстауға міндеттеледі. Қыста жылытып, жаз мезгілінде желдету жүйесі де жұмыс істеп тұруы тиіс.

Биыл облыс орталығында 50-ден астам жаңа аялдама салынады. Бұдан бөлек, жол бойындағы 30 жер телімі аукцион арқылы саудаланады. Үлестірілген орындарда жыл соңына дейін жылы аялдамалар салынуы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов