Маңғыстаулық 100 студент жаңа жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр

Дәнді дақылдарды өсіруші, тері және тон бұйымдарын тігуші. Маңғыстаулық 100 студент осындай жаңа жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Олар 3 жыл оқып, арнаулы техникалық білім алып шығады. Теориялық дәріс өндірістік мекемелерде тәжірибелік сабақпен қатар жүреді. Оқуын аяқтаған түлектер сол жерде жұмысқа алынады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Агрономдар мен тері-тон өндірісі шеберлерін даярлайтын колледж Құрық ауылында орналасқан. Жалпы Қарақия ауданы дәнді дақылдар өсіру мен жылыжай салу жағынан өңірде алдыңғы қатарда. Студенттер көктемнен күзге дейін шаруашылықтарда еңбек етіп тәжірибе жинайды. Ал қыс мезгілінде оқу орны ғимаратында гидропоника тәсілімен қызанақ пен қияр өсіреді. Былтыр 400 келі өнім жинап, күнделікті тағам ретінде тұтынған.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Болашақ агрономдар биыл гидропоника, топырақсыз ортада көкөніс егу тәсілін қолға алды. Бұл жұмыс мына жерде атқарылуда. Атап айтсақ, қызанақ пен қияр тұқымдары кокос ұнтағына егілген. Биоматериал Алматы қаласынан тапсырыспен алынады. Мамандардың айтуынша, сынақ жұмыстарының нәтижесі наурыз айында белгілі болады.

Айнұр Сәбиева, колледж директоры:

- Екі жаңа мамандығымыз, екеуі де ауылшаруашылығын дамыту бағытында. Бірі тері-тон өңдеу технологиясы бойынша маман және екіншісі агрономия саласы. 50-50 ден бала бар. «Доктор Агромен» ЖШС-мен біздің 22 баламыздың жұмысқа орналасуы нақты жасақталып тұр. Басшысы түрік азаматы. Сол жұмысын бастап кеткен ауылшаруашылығы бағытында. Теплицамен жұмыс жасайды, мал өсіреді, егістік дақылдарын өсіреді.

Тері-тон өндірісі шеберлері оқитын тігін шеберханасы қажетті құралдармен жарақтанған. Мұнда студенттер қолдануға дайын былғарыдан түрлі бұйым әзірлеуді үйренеді. Сонымен қатар түйе мен қой жүнінен ойыншық, кәдесый, сөмке, киім тоқуды меңгереді. Ал жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру мақсатында үйірме ашылған.

Бибіжамал Серік, оқушы:

- Болашақ мамандығымды қарастыруға келдім. Бұл жерде мен түрлі заттар жасауды үйреніп жатырмын. Сырға жасауды үйреніп жатырмын. Қуыршаққа түрлі бәтеңкелер, браслеттер, әмияндар түрлі заттар жасалады.

Ақшагүл Қарымсақова, өндірістік оқыту шебері:

- Біздің колледжіміде «тері-тон технологиясы бойынша бұйым тігуші» мамандығы ашылды. Осы мамандықтағы студенттеріміз табиғи былғарыдан, табиғи жүннен бұйымдар жасауды үйренеді. Бұл мамандыққа сұраныс өте жоғары. Себебі, табиғи өнімдерге де сұраныс әр уақытта тұрақты болып келеді.

Қарақия ауданының әкімдігі жаңа жұмысшы мамандықтарын даярлау ісін жетілдіру үшін кәсіптік колледжге 3 гектар жер бөлді. Инженерлік инфрақұрылым тартылған орынға егіс алқаптарын, жылыжай мен оқу ғимаратын салу жоспарланған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев