Абай облысындағы Малтүгел ауылы интернетсіз өмір сүріп келеді
Абай облысында 74 ауыл интернеттің игілігін көрмей отыр.
Малтүгел ауылы да байланыс аясынан тыс жерде. Елді мекен халқы 20 жыл бойы мәселенің шешімін күтіп жүр. Жергілікті билік өкілдері қажетті жоспар жасалып жатқанын айтады. Бірақ шалғайдағы ауыл тұрғындары оның нәтижесін көрмей отыр.
Малтүгел ауылының тұрғындары интернет пен байланыс мәселесін 20 жыл бойы көтеріп келеді. Әкімдік табалдырығын әбден тоздырған. Ондағылар түрлі сылтау айтып, халықты бос уәдеге тойдырып келеді. Интернет азабын тартқандар байланысқа шығу үшін тау-тасты жағалауға мәжбүр.
Әсия Құндақбаева, Малтүгел ауылының тұрғыны:
- Сеть жоқ. Біресе актив аламыз біресе билайн аламыз, біресе TELE2 аламыз. Сол ұстамайды. Ауырып сырқайтын болсақ, бара алмаймыз, айта алмаймыз. Ақша сала алмаймыз. Kaspi дегенді ұстамаймыз. Байланыс аясынан тыс жердеміз. Сол біздің телефонымызды интернетімізді құрып берсе ауылымызға.
Интернет байланысының жалғыз нүктесі ауылдағы мектепте бар. Білім ұясында бар болғаны бес бала оқиды. Байланыстың жоғынан ауырып сырқағандар ем алу үшін 5 шақырым қашықтағы көрші ауылға барады. Әркім өз бетінше амалдайды. Көлігі барлар көлікпен, кейбірі атшанамен қатынайды. Ал жедел жәрдем қызметін шақыру мүлде мүмкін емес, - дейді жұрт.
Мархабат Бәкешова, Малтүгел ауылының тұрғыны:
- Скорыйды шақыра алмаймыз. Вакцина салатын кезде 2-3 айда келеді. Апта сайын балалардың халін біліп тұруға болады ғой. Блалаларымыз интернетті білмейді мысалы. Мектеп ішінде ғана қолданады. Сабақтарын онлайн болған кезде оқи алмайды. Студент ұлымыз бар міне бір жеті жүріп, мектепке барып әрең тапсырды.
Жалпы Абай облысында 328 елді мекеннің 74-і интернетсіз отыр. Түйткілді мәселені шешу үшін министрлік тарапынан арнайы жол картасы қабылданған. Оның аясында 2027 жылға дейін Абай облысындағы ауылдардың 96 пайызын сапалы интернет және байланыспен қамтамасыз ету жоспарланған.
Абзал Серікұлы, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
- Бүкіл Қазақстан бойынша 467 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде өңірлерде қанша қаражат екені белгісіз. Ол үлкен ауқымды жоба ғой. Малтүгел ауылы да жекеменшік серіктестік бойынша 171 елді мекеннің ішіне кіреді. 2025-27 жылдар арасында ол жерге жоғары жылдамдықты талшықты оптикалық интернет жететін болады.
Жалпы Аягөз ауданында 46 ауыл бар. Соның 15-і байланыссыз отыр. Басқарма басшысының айтуынша, аймақтағы ауылдарға интернет тарту жұмыстары биыл жазда басталады.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов