Мемлекеттік кеңесші Тарихшылардың ұлттық конгресінің форумына қатысты
Отандық ғалымдар Қазақстан тарихына қатысты жаңа академиялық көптомдық басылым әзірлеп жатыр.
Бұл туралы елордада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен өткен Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің форумында айтылды. Алқалы жиында еліміздегі ғылыми қауымдастықтың 300 өкілі бас қосты. Шараға тарихшы-зерттеушілер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен қоғам қайраткерлері жиналды.
Форумда археология, этнография, этнология, тарихи география салаларындағы жаңалықтарды талдау, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу мәселелері талқыланды. Оған қоса, Қазақстан зерттеушілерінің шетел мұрағаттарында, музейлері мен кітапхана қорларында жүргізген жұмыс нәтижелері қаралды.
Ақан Оңғарұлы, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры:
- Археологияның мысалында айтатын болсақ, соңғы 25 жылда көптеген жаңа ашылымдар ашылды. Тарихымызды толығымен қайта қарауға мәжбүр етеді. Археология пәнаралық үлкен ғылымға айналды. Жаратылыстану ғылымдарының әдістемелерін пайдалана отырып, жаңаша ақпараттың бәрін алып жатырмыз. Ежелгі қоғам туралы, оның палеоэкономикасы туралы, шаруашылығы туралы, дүниетанымы туралы бұрынғы тарихымызды толығымен қайта қарауға мүмкіндігіміз бар.
Жиында «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жаңа академиялық басылымды дайындау барысы талқыланды. Бұл жобаға бес ғылыми зерттеу институты мен еліміздің 250-ден астам ғалымы жұмылдырылған. Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде Тарихшылардың ұлттық конгресі еліміздегі тарих ғылымын дамыту тұрғысынан маңызы зор екендігін айтты. Оған қоса, соңғы жылдары ғылыми айналымға енген археологиялық олжалар мен архивтік құжаттар ұлт тарихын біртұтас әрі кең ауқымда қабылдауға жол ашатындығын атап өтті.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Қазақстан – көшпенділердің ежелгі мемлекеттік құрылымдарының бесігі және бір кездегі қуатты елдер мен империялардың мұрагері ғана емес, сонымен қатар тұтас көшпенділер өркениетінің ошағы мен орталығы. Сондықтан ұлттық тарих ғылымының міндеті – халқымыздың тарихына өркениеттік парадигма тұрғысынан ауқымдырақ және кеңірек қарау, оны осы ұстаным бойынша дәріптеу.
Форумға қатысушылар ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихына қатысты көптомдық академиялық басылымды әзірлеу жұмыстарына жоғары баға берді. Сондай-ақ археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу ауқымын кеңейту, мұрағат пен аймақтану ісін одан әрі дамыту, оқулықтарды және тарихты оқыту әдістемесін жетілдіру сынды түйткілдерге тоқталды.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Арман Ақшабаев