Мақаттық шаруаларға 413 мың гектар жайылымдық жер берілді

Атырау облысыдағы Мақат ауданы өндірісті аймақ. Мұндағы ауыл шаруашылығының дамуы да баяу, деп хабарлайды 24kz.

Өйткені шаруашылыққа тиімді жер тапшы. Бұл мәселе мақаттық малшыларды бірнеше жылдан бері әбігерге салған еді. Енді оларға көрші жатқан Қызылқоға ауданынан 413 мың гектар жайылымдық жер берілді. Жер реттелгенімен, шабындық мәселесі әлі де өзекті.

Ауыл шаруашылығына тиімді жердің тапшылығы ауданда тіркелген 100-ден аса шаруа қожалығы үшін күрделі мәселе еді. Жергілікті билік осыны ескеріп, мақаттық 13 шаруа қожалығына 413 мың гектар жерді ұзақ мерзімге пайдалануға берген. Оның игілігін көріп отырғандардың бірі – Досжан Бисенғазиев. Ата кәсіпті қолға алған шаруа мәселенің оңтайлы шешілгеніне дән риза.

Досжан Бисенғазиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Мақат 45 км, Доссор 50 км, ал Қарабау, Қызылқоға 60 км. Одан бізге мына Мақат жақын. Жолдас жігіттер Мақатта, өзім Қарабауда оқығанмын. Жақын жер осы. Тиімді бәрі. Жемімізді, шөбімізді, сол жақтан жігіттер хабарласып, сол жақтан алып келеміз.

«Жайылымдық жердің мақаттық шаруаларға берілуі ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға серпін береді», - дейді жауаптылар. Шынында қазір 13 шаруа қожалығы аудан есебіне алынған. «Енді осы саланы дамытып, кәсіпкерлікке қолдау көрсетіледі дейді», - аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гүлнұр Атабаева.

Гүлнұр Атабаева, Мақат аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Осы жердің ауданға берілуі біздің ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал шаруашылығының дамуына көптеген зор үлесін қосып отыр. Қыстақтарды аралау жұмыстары да жүріп жатыр. Үй аралап, малдарды есепке алып, көбейту, мал санын көбейтіп, басты мақсат, иә, енді өзіміздің ауданда мал шаруашылығы көбейсе, өзімізден ет өнімі шықса деген ой бар.

Қазір ауданда 12 мың бас төрт түлік бар. 413 мың гектар жайылымдық жер берілгенімен, шабындық мәселесі әлі де өткір тұр. Мал азығын дайындауға субсидияның берілмейтінін ескерсек, бұл шаруаларға оңай тимесі анық. Десе де, жергілікті билік арзан бағада жем-шөп жеткізу үшін жеке кәсіпкермен келісімшартқа отырған. Алдағы уақытта бұл мәселенің де реттелетінін айтады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин